Майдангер Яхия Тасыpовтың өнегелі өмір жолы

   Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең қасіретті де тағдырлы кезеңдердің бірі. Бұл сұрапыл жылдарда елін, жерін қорғау үшін миллиондаған азамат қолына қару алып, майданға аттанды. Солардың арасында туған жердің намысын ту етіп, ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен жауынгерлердің бірі – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қазаөзек елді мекенінің тумасы Яхия Тасыpов.

Яхия Тасыpов 1922 жылы қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, адалдық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол ел басына күн туған сәтте шет қалмай, 1941 жылы небәрі 19 жасында әскер қатарына шақырылады. Алғашқы әскери дайындықтан Омбы қаласында өтіп, 1942 жылдың қазан айында майдан даласына жіберіледі.

Жас жауынгердің майдандағы жолы Мәскеуді қорғау шайқастарынан басталды. Ел тағдыры қыл үстінде тұрған сол бір кезеңде ол батылдығы мен табандылығын танытып, жауға қарсы күресте алдыңғы шептен табылды. Кейін Сталинград шайқасы мен Курск доғасындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысып, сондай-ақ Польшаны азат ету жолындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Бұл тарихи майдандар – соғыстың шешуші кезеңдері болғаны белгілі. Сол бір ауыр сындарда Яхия Тасыpовтың қайсарлығы мен жауынгерлік шеберлігі айқын көрінді.

Жауынгерлік жолындағы ең ауыр сәттердің бірі – Гданьск порты үшін болған шайқас еді. Осы ұрыста Яхия Тасыpов аяғынан ауыр жараланады. Госпитальда ұзақ уақыт ем қабылдап, денсаулығын қалпына келтіргеннен кейін, ол майданға қайта оралып, соғыс жолын жалғастырады. Бұл оның рухының мықтылығын, Отан алдындағы борышына деген адалдығын көрсететін ерекше ерлік.

Яхия Тасыpов Ұлы Жеңісті Германия жерінде қарсы алып, елге аман-есен оралады. Оның майдандағы ерлігі мен жанқиярлығы мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де Яхия Тасыpов ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. Тереңөзек, Жалағаш сүт зауыттарында қызмет атқарып, кейін 1962 жылдан бастап туған ауылында қойма меңгерушісі болды. Бұдан соң ПМК-1608 мекемесінде, аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде еңбек етіп, абыройлы қызметтің үлгісін көрсетті. Еңбек жолының әр кезеңінде ол жауапкершілігі жоғары, ісіне адал азамат ретінде танылды.

Яхия ата – тек майдангер ғана емес, үлкен әулеттің тірегі, батагөй қария. Обылысымызды басқарған тұлғалар өз жұмысын атамыздың батасын алудан бастайды. Бүгінде елін сүйген асыл болмысымен, еңбексүйгіштігімен, қарапайымдылығымен үлгі болып отыр. Оның өмір жолы – ұрпаққа қалдырған үлкен аманат, тағылымды тәрбие мектебі.

 Яхия Тасыpов – әулеттің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының мақтанышына айналған тұлға. Оның ерлігі – ел тарихының бір бөлшегі, ал еңбегі – бейбіт өмірдің берік іргетасы.

Бүгінде осындай батырлардың есімін ұлықтау, олардың өнегелі жолын насихаттау – ұрпақ алдындағы қасиетті парыз. Өткенін құрметтеген елдің ғана болашағы жарқын болмақ.

Яхия Тасыpовтың ғибратты ғұмыры – ерлік пен елдіктің мәңгілік үлгісі. Оның майдандағы батырлығы мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі ұрпақ жадында сақталып, тәуелсіз еліміздің рухани тірегіне айнала береді. Батырлар рухына тағзым ету – елдігіміздің айқын көрінісі, болашаққа деген сенімді қадам.                                  

                                                                                                 Маратова Фатима

                                                                                  Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық

                                                                                                       жұмыстар бөлімше бастығының аға

                                                                                                    көмекшісі (мемлекеттік тіл ойынша)     

Тағы да оқыңыз: