Kyzylorda-news.kz 9 мамыр – Жеңіс күніне орай «Тағзым алаңында» салтанатты шара өтті. Тағылымды жиынға тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери бөлім қызметкерлері, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысып, ел мен жер үшін жанын қиған боздақтардың рухына тағзым етті.
Салтанатты шарада Шиелі ауданы әкімі Айтбай Жандарбеков жиналған қауымды Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтап, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет білдірді.
—“ Жеңіс мерекесі – майдан даласында жанын қиған батырларымыздың ерлігіне, тылдағы тынымсыз еңбек иелерінің қажыр-қайратына тағзым ететін қасиетті күн. Батыр бабаларымыздың ерлігі мен елге деген адалдығы – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Біз олардың алдында әрдайым қарыздармыз,” — деді аудан басшысы.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалуына тоқталып, бұл ел дамуына сүбелі үлес қосқан білікті басшыға берілген жоғары сенім екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Президент Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуы Сыр өңірінің өсіп-өркендеу жолындағы сабақтастық пен сенімнің айқын көрінісі екенін жеткізіп, жаңа басшылықпен бірге аймақтың дамуы жаңа белеске көтерілетініне сенім білдірді.
Жиын барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың :«Біз отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, қолдау білдіреміз» деген сөзің атап өтті.
Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар рухына бір минут үнсіздік жарияланып, Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, тағзым еттілді.
Шара соңында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, соғыс жылдарындағы тарихи әндерді шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Еске салайық, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ауданымыздан 6 мыңнан астам азамат майданға аттанып, олардың 4407-сі туған жерге оралмады. Бүгінде аудан көлемінде 137 майдангердің есімі көшелерге беріліп, ерлік рухы ел жадында мәңгілікке сақталуда. Бұл, батыр бабаларымызға көрсетілген құрмет пен кейінгі ұрпақтың тағзымының айқын көрінісі.
Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
