Kyzylorda-news.kz. Жеңіс күні – бұл ерлік пен даңқ, елдің бірлігі мен ынтымағы салтанат құратын сәт. Ұлы Жеңіс жолында парыз бен намысты алға қойып, Отаны үшін от кешкен жаужүректерімізді ұлықтап, жанқиярлық ерлікпен қаза тапқан батырларымызды еске алуға, ерлік істерін ұрпақ жадында жаңғыртуға бүгінде мүмкіндік туды. Қайсарлық пен қайтпас рухтың хас үлгісін көрсеткен жауынгерлердің ерлігі – ел жүрегінде сақтаулы. 

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қасірет тарих беттерінен өшпейді. Өйткені ол – қанша жанның қанын арқалап кеткен қаралы кезең. Сондықтан осы күннің маңызын жоғалтпай, керісінше бейбіт күннің оңайлықпен келмегенін айтып, дәріптеп келеміз. Аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде мереке қарсаңында салтанатты шара өтті. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын сұм соғыс кезіндегі көріністі бейнелейтін видеокөрсетіліммен басталды. Ал жалағаштықтарды Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов 9 мамыр талайдың қанымен келген Ұлы Жеңіс күні екенін, дәл осы күн адамзат тарихындағы үлкен соғыстың аяқталғанын сүйіншілеген күн екенін жеткізді.

«Біз Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күнін қатар атап жүрміз. Өйткені бұл – рухы жағынан бір-бірін толықтыратын, ұрпақтар сабақ-тастығына ұласқан мерекелер. Әр отбасында сұрапыл соғысқа қатысып, елі мен жерін, ұрпағының бейбіт өмірін қорғаған өз батырлары бар. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Бұл – аталарымыз бен әкелеріміздің майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі мен аналарымыздың ауыр күндердегі ерге бергісіз елдік істерінің жемісі. Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы тереңдей түсуде. Қаншама уақыт өтсе де Ұлы Отан соғысы біздің тарихымыздың қа-сіретті беттері болып қала береді», – деген аудан басшысы бұл күннің халқымыз¬дың шежіресінде мәңгі қалғанын, тарих төрінен орын алғанын да жасырмады.

Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына Жалағаш ауданынан 2316 азамат қатысып, олардың 695-і ғана елге аман-есен оралған. Қазіргі таңда Жалағаш ауданында 105 тыл ардагері, ауған соғысына қатысушы 25 ардагер, Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында әскери борышын өтеген 14 ардагер, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан 6 ардагеріміз тұрады. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара «Отаным – айбарым, ер – байрағым» атты аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, аудан халқы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған аудан көркемөнерпаздарының театрландырылған мерекелік қойылымына да куә болды.

Тағы да оқыңыз: