Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында биылғы жылдың 10 айында тұтынушылар құқықтарының бұзылуы туралы 286 өтініш келіп түсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов хабарлады. 

«Салалар бойынша жүргізілген талдауда 174 өтініштің бөлшек сауда саласына келетіндігі анықталды. Яғни, өтініштердің 61 пайызы сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту бағытында болып отыр. Өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 209 өтініш қанағаттандырылды, ал 32 өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 45 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде тұтынушыларға барлығы 3,4 млн. теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасадық», - дейді Ерқасым Сүлейменов.

Есепті кезеңде департамент жанындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау сұрақтары бойынша үйлестіру комиссиясының төрт отырысы өткізілген. Онда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы негізінде әзірленген социологиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған тұтынушылардың проблемалық мәселелері, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобалары, сонымен қатар тұтынушының қызмет көрсетуші энергиямен жабдықтаушы ұйымды жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйымға ауыстыру және электр энергиясын тұтыну көлемдеріне қарай сараланған тарифтері, электр желілерінде жоғары кернеулі қуаты орын алуынан тұтынушылардың үйлеріндегі тұрмыстық электр құралдарының күйіп кету мәселелері талқыланды. 

«Алдағы уақытта аталған жұмыстар өз жалғасын табады. Сонымен қатар, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу көзделген. Бұл ретте уәкілетті органмен Заң жобалары әзірленіп, тиісті мекемелермен бірге талқылануда», - дейді департамент басшысы.

Айта кетейік,  қорыта келе департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында құқығы бұзылған тұтынушыларға заңдылық тұрғысынан тегін кеңестер беруге, сатушыларға наразылықтарды дайындауға, сотқа талап арыздар әзірлеуге әрдайым көмек беруге дайындығын жеткізеді. 
 

Тағы да оқыңыз: