Kyzylorda-news.kz Жұмысыңды жақсы көру сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше құбылыс. Одан оңайлықпен ажырай алмайсыз. Күнкөріс үшін емес, жан дүниесімен беріліп, жұмысын ерекше ықыласпен атқаратын жанның бірі – Еркебұлан Мешітбаев. 

Ол аудандағы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің түлегі. 2006-2010 жылдар аралығында Алматыдағы Орталық Азия университетінде «қаржы» мамандығы бойынша білім алады. 2011-2012 жылы ҚР Қарулы күштері қатарында Алматы облысы, Сарыөзек ауданында «Ракета әскері және артиллерия» бөлімінде әскери борышын өтейді. Еңбек жолын 2014 жылы «ППС Ойл Трейд» ЖШС компаниясында оператор қызметінен бастайды. Мұнан соң аудандық жұмыспен қамту орталығы мекемесінде ақылы қоғамдық жұмыс істейді. Кейіннен аудандық жұмыспен қамту және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде ассистент қызметін атқарады. Ол бүгінде аудандық «Мансап» орталығының маманы болып еңбек етеді.

– «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеяның қайнар көзі, оң өзгерістің қозғаушы күші. Еліміз егемендік алған сәттен бастап жастар саясатын мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеген. Болашағын бағамдайтын жастарға артылар сенім де көп. Адам қандай еңбекті жасаса да өзінің ынта-жігерімен және үлкен құлшыныспен атқара білсе, оның жемісін көрері сөзсіз. Сол себепті де жастық шақта адам өзінің қалауына ден қойғаны дұрыс, – дейді кейіпкеріміз.  

Әріптестері Еркебұланның жұмысына тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі мол, ұжым арасында сыйлы, білгенін үйретуден шаршамайтын еңбек озаты екенін айтады. Өз міндетін жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарғаны үшін аудан әкімінің, Алғыс хаттарымен марапатталған.

Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатамыз. Соның бірі – мамандық таңдау. Екіншісі – жар таңдау. Еркебұлан Кеңшілікұлы да екі таңдауынан да шатаспаған. Мамандығына деген сүйіспеншілігі мен жарына деген адалдығы оның өмірлік жолындағы үлкен жетістігі деп ұғындық.  

 

Ақнұр САҒЫНТАЙ

Тағы да оқыңыз: