Kyzylorda-news.kz Әр жылдың 9 мамыры келгенде Жеңіс күні тойланатыны белгілі. Міне, осы күн тура 79 жыл бойы өзгеріссіз атап өтіліп келеді. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де адам жадынан ұмытылмағаны сол күннің маңыздылығында. Отан үшін қасық қандары қалғанша жауға қарсы шыққан майдангерлеріміздің ерлігі тарих беттерінде сақтаулы, олар жайлы естелік те көп. Сонау қанды қырғынға көз жүгіртсек елден соғысқа аттанған батырларымыз, қаза тапқандар, хабар ошарсыз қалып, қайтып келмегендер қаншама?!

Екінші дүниежүзілік соғыстың әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парағына үңілетін болсақ, қазақтардың жауға қарсы қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал, айқас алаңында өшпес батырлық танытқан жауынгерлеріміздің ерлігі. Осындай ерен еңбегімен елдің есінде мәңгі сақталған батырларымыздың бірі – Сахи Кішенов.

Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», киелі Қармақшы топырағының тумасы. Майдангер тек соғыс ардагері ғана емес, ол аман-есен елге оралғаннан кейін бала оқытумен айналысқан ұлағатты ұстаз болды.

Сахи Кішенов 1932 жылы екі жыл сауат ашып, 1941 жылы «Оян» ұжшарындағы орталау мектептен білім алып шығады. 1942 жылдың тамыз айында әскери борышын өтеуге аттанады. Соғыс басталған жылдары Ашхабад, Андижан қалаларында әскери жаттығудан өтеді. Кіші лейтенант атағымен 1945 жылы майда соғысты Дармштад қаласында аяқтайды. Аман-есен елге оралғаннан кейін бала оқыту мен тәрбиелеуді мақсат тұтып, араға бір жыл салып, Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық училищені екі жыл оқып, үздік бітіріп шығады. 1948 жылы Алматы қаласындағы жоғары білімді оқытушылар даярлайтын институттың тарих факультетіне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтайды. 

Еңбек жолын аудан орталығындағы қарашаңырақ №26 орта мектепте мұғалім болып бастайды. Әркез мақтау алған ұстаз осы мектепте тарихшы және оқу ісінің меңгерушісі, пионер үйінің директоры, оқу бөлімінің инспекторы секілді қызметтерді атқарған. Сонымен қатар 1958 жылы №28 мектепте және кешкі жастар мектебінде директорлық қызметте болған. Бір жылдан кейін 15 жыл бойы үздіксіз методикалық кабинет меңгерушісі және методист болып зейнеткерлікке шыққанға дейін білім саласында тынымсыз еңбек еткен. Ал зейнетке шыққаннан кейін аудан мектептерінің тарихын зерттеп, баспа беттеріне мақала жариялап отырған.

Қазіргі таңда аудандағы барлық мектеп осы зерттелген тарихты құнды материал ретінде пайдаланып келеді. Кейінгі жас ұрпаққа өнеге қалдыру үшін аудан тарихын зерттеуге белсене араласып, кент орталығынан музей ашуды армандап кетті. Соғыс жылдарында жазықсыз жапа шеккен, сондай-ақ елін қорғауда қаза тапқан азаматтардың бейнесін мәңгі есте сақтау үшін олар туралы материалдар жинақтап, 1993 жылы Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан облыста бірінші рет «Зерде» атты кітап шығарды. Ал 2018 жылы аудан орталығындағы көшелердің біріне Сахи Кішеновтің атына көше берілді. 

Сахи Кішеновтің ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, КСРО Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» және республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі грамоталармен әркез мадақталып отырды.

Бүгінде майдангердің құжаттары аудандық музейдің қорында сақтаулы. Қорға 2021 жылы ардагердің баласы Сәулебек Кішенов әкесінің суреттері мен еңбек кітапшасын, кәсіподақ билетін, аттестатын, дипломы мен жүргізуші куәлігін, әскери билетін, мандат секілді барлығы 42 құжатын табыстады. Сәулебек ағамыз сынды Сахи Кішеновтің ізін жалғаушы ұрпағы, өнегелі өмір жолы мен ұстаздық еңбегін насихаттап жүрген, келер ұрпаққа жеткізуші ұл-қыздары мен немере-шөберелері барда әкенің аты өшпесі анық.
 

Тағы да оқыңыз: