Kyzylorda-news.kz Арал аудандық мәдениет үйінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Үкідей үлпілдеген – ерекше еркем менің!» атты отбасылық өнер фестивалі өтті.
Аталмыш шара мүгедектігі бар балалар мен олардың отбасыларының шығармашылығына қолдау көрсету, өнер мен мейірім арқылы инклюзивті қоғам құру мақсатында ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында мәдениет үйінің фойесінде балалардың өз қолдарынан жасаған түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылды.
Шараның шымылдығында «Сынық құмыра» атты бейнебаян көрсетіліп, «GN» өнер академиясының бишілер тобы заманауи биімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фестивальдің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, қатысушылар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.
«Қымбатты балалар, қадірлі ата- аналар! Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын! Жарқыраған күндей күлкісі мен тәтті тілімен әлемді ғажап ете алатын балдырғандарымыздың қуанышы – баршамыздың ортақ бақытымыз. Адамзат қоғамы әрқашанда өз ұрпағын түрлі қауіп-қатерден қорғап, олардың жарқын болашағы үшін күресіп келеді. Ұрпағымызға қамқорлық жасау, балалардың денсаулығын сақтау мен оларға саналы тәрбие беру – аса маңызды міндет. Бүгінгі «Үкідей үлпілдеген ерекше еркем менің» атты отбасылық өнер фестивалі – балалардың талантын танытып, жүрегіндегі жарықты сыртқа шығаратын тамаша алаң. Жас өрендердің өнерге деген құштарлығын, өмірге деген құлшынысын көру – жүрекке жылу, көңілге медеу сыйлайды. Бүгінгі мереке әрбір отбасыға шаттық, жүректерге нұр сыйласын! Барша фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін», - деді.
Мұнан соң, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған бірқатар ата-аналар мен қолөнер көрмесіне белсене қатысқан балалар аудан әкімінің «Алғысмен» марапатталды.
Шара одан әрі балалардың және олардың отбасы мүшелерінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Олар бірлесе ән шырқап, би билеп, түрлі жанрда өнер көрсетті. «Ана мен бала», «Аға мен қарындас», «Аққу-арман», «Қара жорға» сынды туындылар сахналанып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Фестиваль соңында барлық өнерпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен бүлдіршіндерге тәттілер үлестірілді.