Kyzylorda-news.kz. Қазалылық домбыра жасау шебері Ерболат Қанатбайдың есімі елге етене таныс. Әсіресе өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар тығыз қарым-қатынаста. Жиырма жылдық тәжірибесі бар шебер дайындаған дүниені талантты жандардың талайының қолынан көруге болады. 

Қазақтың қасиетті қара домбырасын соғудың қас шебері Ерболат Яхияұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ерболат аға, Сізді домбыра жасаудың хас шебері ретінде танимыз. Бұндай өнер кімнен дарыған?

– Әкем Яхия Арал, Қазалы, Жосалы аудандарына аты белгілі ұста болған. Үйлердің есік-терезесін жасаған. Мен орта мектепті бітірген соң, 1990-1992 жылдары әскер қатарына алынып, азаматтық борышымды өтедім. Туған жерге келгеннен кейін теміржолды сумен жабдықтау мекемесінде ағаш ұстасы болып еңбек істейтін әкемнің жанына жұмысқа орналастым. Әкемнен көп нәрсе үйрендім.

Уақытында есік-терезеден бөлек, балаларға арба, келіншектерге оқтау мен нантақтай, тіпті құрылысшыларға қалаққа дейін жасағанмыз. Қазір 25 жылға жуықтады тек қана домбыра жасаумен айналысамын. 

– Алғаш жасаған домбыраңыз кімге арналды?

– Қарындасымның балалары үйге келсе, ысқырыққа тыныштық бермейтін. Бірде жиенім Айдос үйдің көлеңкесінде сыпырғышты домбыра қылып, ойнап отыр екен. Кішкентайды көз қиығымен нұсқаған әкем маған: «Шырағым, мына жиеніңнің талабы таудай екен. Бұған енді ағаштан домбыра жасап берсең жөн болар еді», – деді. Содан шпалдың жиегін кесіп алып, ойып домбыра соқтым. Ең алғашқысы осы еді. Содан кейін домбыраға деген қызығушылығым артты. Ауылда өсетін қараталдарды шауып, ойып жасайтынмын. 3-4 жылдың ішінде 200-ден аса аспап қолымнан шығыпты. Оның жұмысы қиындау болғаннан кейін 4-5 өлшемде қазіргі үкіметтің домбыралары секілді планкілеп жасай бастадым. Біріншісі «Шіңкілдек», екіншісі, бастауыш сынып балаларына, үшіншісі орта сыныптағы оқушыларға, төртіншісі арнайы муызка мектебінде оқитын шәкірттерге арналған өлшемдер. Одан үлкендері де болады, олар оркестрлық деп аталады. Әкем марқұм 15 сантиметрден асса, ағашты кәдеге жаратуға болады дейтін. 

Мен 2004 жылы бөлек шықтым. Әкем үйге келіп, хал-жағдайымызды біліп кетіп тұратын. Жасап жатқан дүниелерімді көріп, ақыл-кеңесін айтып кететін. Бір күні Мұңсызбай деген көршім сынып қалған көне домбырасын әкеліп берді. Соны жөндеп, қалпына келтірдім. Қиын болған жоқ. Содан бастап көне домбыраларды да жөндеуді қолға алдым.

– Қандай ағаш қолданасыз?

– Әртүрлі ағаш қолдана беремін. Қара талдан ойып жасадым, одан кейін қарағай, қайың, теректен жасауға болады. Бірақ теректің сапасы төмендеу. Сапалысы қарағай мен қайың. Қарағай мен қайыңнан соғылғаны күй мен термеге, теректен істелгені ән айтуға жақсы келеді. Айналысып жүрген кәсібімнің машақаты жетіп артылады. Шанақты ыстық суға салып иіп, көлеңкеде кептіремін. Қатты ағашты тұз тұнбасына салып, икемге келтіремін. Дайындалған аспапты түссіз лакпен бояған дұрыс. Өте қалың етпей, жұқалап жақса, беріктігін сақтауға көмектеседі. Шанақтың бетіне лакты барынша бірқалыпты, тегіс етіп, пайдалануға мән берген жөн. 

– Бір домбыра жасау үшін қанша уақытыңыз кетеді?

– Мен 10-15 домбыраны бірден жасаймын. Бас-аяғы жиырма күнде 15 данасын дайындаймын. 

– Балалар мен ересектерге арналған домбыраның айырмашылығы неде?

– Балалардың қолы жететіндей өлшемде жасалуы керек. Шанағы мен сағағы кішілеу болады.

– Өзіңіз домбыра шертесіз бе?

– Бір қызығы, өзім домбыра шерте алмаймын. Бірақ жеті нотасын білемін. 

– Қолғабыс етер қолғанаттарыңыз бар ма?

– Шүкір, екі ұл бар. Бірақ ұсталыққа жақын емес. Үлкенім математик. Отбасымен Ақтөбе қаласында тұрады. Сонда мектеп-лицейде сабақ береді. Доктарантураға түсуді көздеп жүр. Кіші ұлым да математиканы ұнатады. 9-сыныпты бітірді. Әзір қандай мамандық иесі боларын нақты таңдай қойған жоқ. Балаларым білімге құштар, оқуда озат. 

– Сіздің ойыңызша «Домбыра күні» қалай тойлануы керек. Ұлттық аспаптың қадір-қасиетін кейінгі ұрпаққа ұлықтай алып жүрміз бе?

– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейді ғой. Тәуелсіздік күні қаншалықты деңгейде тойланса, 1 шілде – Домбыра күні де солай тойлануы керек деп ойлаймын. Қазір ұлттық асапапты үйренем деушілер қатары артқан. Мектептерде үйірмелер арнайы жұмыс жасайды. Бұл қуанарлық жағдай. 

– Елге танымал тұлғалардың ішінде Сіздің қолыңыздан шыққан аспапты таңдағандары бар ма?

– Арал ауданына белгілі азамат Жұмабай Жақып арнайы тапсырыс беріп жасатты. Одан бөлек Қайнар Алакөзовке, Қанат Әлжаппаровақа осындағы достары жасатып, сыйға тартты. Өзіміздің аудандағы өнерде жүрген, елге таныс азаматтардың көпшілігіне жасап бердім. Интернет жарнамалары арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан тапсырыстар жиі түседі. 

– Сұхбатыңызға рахмет. Кәсібіңіз өрлей берсін. Қара домбыраның тұғыры қашанда биік болсын.

Тағы да оқыңыз: