Kyzylorda-news.kz. Былтыр үлкен жолдың бойындағы Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылдық округінде 3 көшенің сапасына мән берілген. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың халықпен кездесуіндегі сөзінен алдағы 2 жылда тағы да бұл ауылда жол құрылысы қарқын алатынын аңғарғанбыз. Былтыр аудан әкімі Еңбектегі жол сапасына қатысты мәселелерді 2025 жылға дейін толық шешетінін айтқан.
Бүгін ауыл халқымен кездесуде Асқарбек Темірбекұлы биыл тағы Аққошқарда 3 көшенің сапасына мән берілетінін айтты. Мәдениет үйіндегі басқосуда халықтың бұған дейінгі біршама талап-тілегі ескерілгені анық байқалды. Жергілікті тұрғындар аяқ су, ауыз су, электр жарығына қатысты басқа да мәселелерді назарға салды. Аудан басшысы ел көтерген мәселе ертеңге қалмайтынын жеткізіп, шама-шарқынша оның шешіміне жұмыс жасайтынын айтты.
Иә, қазір әкімдердің халықпен кездесуінде бұрынғыдай елді ұйқыға жіберетін бас-аяғы жоқ баяндама оқылмайды. Олай болмағаны да дұрыс. Ақыр соңы халық неге келгенін ұмытып қалған кездерге де куә болғанбыз. Асқарбек Темірбекұлы келгеннен қағазға үңілу өзіне жат екенін дәлелдеді, әріптестерінен де осыны талап етті. «Аппаратта атқарылған жұмыс емес, алдағы мақсат-міндет, елдің талап-тілегіне басымдық берілу керек» деп талайын тыйып тастаған. Бүгін де көптің алдында қысқа да нұсқа атқа-рылатын жұмыстарды шолып шықты. Елдің талап-тілегіне кезек беріп, оның шешіміне жұмыс жасайтынын айтты. Бастысы, халықтың мәселесі ескеріліп жатыр, бүгінгі Еңбектегі халықпен кездесуде де осыған көзіміз жетті.
Иә, бүгінгі кездесуде елдің ішінде айтарлықтай мәселе байқамадық. Тек ақсақалдар жағы аяқ су келетін каналдар қайта қазылса деген талап-тілегін жеткізді. Бұл мәселеге де жұмыс жасалатын болды.
Аққошқарда не мәселе болсын, шаруамен ширап, тұтас бір елді мекеннің еңсесін тіктеген Шакизатхандай азаматы бар ауыл осылай болуы керек. Әр жыл сайын еңбеккерлеріне 100 млн теңге сыйақы үлестіреді. Бұған дейін 2 отбасына баспана кілтін табыстапты. Тағы бірі темір тұлпар тақымдаған. Әлеуметінің әлeуеті нық Еңбекте ақсақалдар әкімді батасымен шығарып салды.
Еңбекте ауыл шаруашылығының қос саласы да қарқынды дамыған. Күріштен тау тұрғызған ауыл халқы мал шаруашылығына да бейім. Кәсіп-керлік саласының да дамуы жаман емес. Әлеуметтік нысандар сапасында мәселе жоқ. Жол мәселесі алдағы 2 жылда толық шешімін табады. Ауыз су жүйесі жаңа, электр желісінде мәселе жоқ. Мектебі күрделі жөндеуден өткен, кіреберіс жол асфальтталған. Осынша шаруа атқарылғаннан кейін ауыл халқының аудан басшысына алғыс айтатындай реті бар.
«Былтыр үш ішкі көшенің сапасына мән берілді. Биыл да аудан басшысы ауылда жол құрылысының қарқын алатынын айтып, елді қуантты. Ауылдағы шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов ағамыз да ауылдың абаттануына, әлеуметтің әлеуетінің артуына жұмыс жасап жатыр. Атпал азамат ауылда жүзеге асатын кез келген жұмысқа демеушілік етуді дәстүрге айналдырып келеді. Былтыр қос отбасына баспана кілтін табыстады. Бір азамат сужаңа темір тұлпар тақымдады. Мұның бәрі ауыл халқының тұрмыс сапасына бірінші кезекте оң әсерін тигізеді», – дейді ауыл әкімі Қайролла Қалданов.
Расында Шакизатхан Ысқақовтың дала дарабоздарының еңбегін лайықты бағалайтынын бұған дейін де көргенбіз. Тіпті бір жылдары 72 млн теңгедей еңбеккерлеріне сыйақы үлестіргеніне куә болдық. Мұнан кейін шаруашылық еңбеккерлері қыстай кетпенін мұзға қайрап баптайды екен. Енді басшылық тарапынан әлгіндей қолдау болса, олардың үлкен шабытпен жұмыс жасайтыны айтпаса да белгілі ғой. Ауыл атына заты сай. Халқы бейнеткеш, бірлікті ту еткен елді мекенде әлі талай жарқын жобалар жүзеге асатынына сенеміз.
