Kyzylorda-news.kz. Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсіл бар. Ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтін – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыратындар да солар. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығып, әр тұрғынның мәселесін қарап, «Өгіз өлмейтіннің, арба сынбайтынның» жолын тауып, ауылдың дамуына еселі еңбек ететін де әкімдер. Бүгінде біз қозғап өткен салада жемісті еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, білімі мен біліктілігімен елдің алғысына бөленген Еңбекші ауылының әкімі Бағдат Серікбайұлымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Бағдат Серікбайұлы, қазіргі уақытта көпті күттірген көгілдір отынның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанына біраз уақыт болды. Ауылдағы көп тұрғындардың көкейінде жүрген бір сауал бар? Биыл көгілдір отын ел игілігіне пайдалануға біріледі ме? Құрылысы жүргізіліп жатқан көгілдір отынға байланысты қандай мәселелер бар? Алғашқы сауалды осыдан бастасақ.

– Қазіргі уақытта ауданымыз қарқынды даму үстінде. Бұл сөзімнің дәлелі ретінде ауданға қарасты елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, көз көріп, ауыз толтырып айтарлықтай игі істің бастамалары бастау алып келеді. Жыл сайын халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында, аудан және ауылдық жерлердің тұрғындары жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, сол бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын ел біледі. Соңғы жылдары ауданға қарасты елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Аудан орталығына жақын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етудің тиімділігі орасан зор. Бұл халықтың тұрмыс жағдайы ғана емес, аудандағы өндірістің өрге басуының, кәсіптің одан әрі кең қанат жаюының кепілі емес пе? Аудан әкімінің жыл сайынғы есепті кездесулерінде ауыл халқының көтеріп жүрген ең өзекті мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Осы ретте қуанышты жаңалығымыздың бірі ретінде ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп, от жағып, күл шығару сынды жұмыстарынан құтылғалы тұр. Бұл жобаның жалпы құны 257 млн теңге қаражат қаралып, жоспар бойынша 266 үй табиғи газға қосылады. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания «Гулнур МК» ЖШС мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және өз атымнан алғысымды жеткізгім келеді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын іргелес жатқан Жиделіарық ауылы арақсыз ауыл атанды. Алдағы уақытта арақсыз ауыл атану ойда бар ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, арақ жайын тарқатып айтар болсам, арақтың ең үлкен зұлымдығы – адамның ақыл-ойын тұмшалайды. Ащы суды ішкен сайын сіз өзіңізді құрдымға итермелейсіз, басты байлығыңыз денсаулығыңыздан айырыласыз. «Ішкен адам не демейді?» деп көп жағдайда мас адамның артық сөзін жеңіл жауып қоя салатынымыз тағы бар. Дегенмен, көңілге тиетін ауыр сөздер мен отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс, әйеліне қол көтеру секілді жайттардың орын алатыны да жасырын емес. Соның салдарынан  шаңырағы шайқалған отбасы, тiрi жетiмдердiң көз жасы, мүмкіндігі шектеулі болып туылған сәбилер де кездесіп жатады. Иә, біз ащы судың жақсылыққа апармайтынын бес саусақтай білеміз. Оның кесірінен көп шаңырақ шайқалып, қаншама адамның жапа шегіп жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп те жүр. Тіпті сол үшін денсаулықтан айырылып, бұл дүниемен қош айтысып жатқандар қанша ма? Қазір өзге аудандар мен ауылдық жерлерде арақсыз ауыл атанып, арақтан бастартып жатқан ауылдардың бұл игілікті істері барлық елге үлгі болуы қажет. Ұзаққа бармай-ақ қоялық. Іргелес жатқан Жиделіарық ауылы да арақ-шараптан бастартқанына да біраз жылдар болды. Соның нәтижесі ретінде қылмыс, ұрлық деген мүлдем орын алмайды. Осы бастама арқылы «арақсыз ауыл» болу мақсатында ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстары жиі жүргізілуде. Бұл бағытта бойынша алдағы уақытта ауыл тұрғындары бірауыздан келісіп, оң нәтижеге қол жеткізсек өте құптарлық іс болары анық.

– Сырт жерге оқуға аттанып, диплом алған соң жастар туған жерге қызмет етуге немқұрайлық танытып жатады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жастарды ауылға жұмысқа тарту турасында ақпар берсеңіз.

– Тәуелсіздік алғаннан бері заман талабына сай жастарды жұмыспен қамтып, жас мамандарға қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекеттік бағдарламалар саны артқаны белгілі. Соның бірі әрі бірегейі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ауылдық аймақтардың кадрлық әлеуетін, еңбек ресурсын күшейту, ауылдықтардың өмір сапасын жақсартуды басты мақсат еткен бағдарлама жыл сайын жастарды қалада қалмай, ауылға келуге үндейді. Шартына сәйкес, үндеуге қосылған жас мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленіп, баспана сатып алуға немесе оны өз бетінше салуға бюджеттік арзан несие беріледі. Ауылға аттанған жас маман міндетті үш жылдық еңбек өтілін өтеуге міндетті. Осы «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылымызда 19 маман тұрғын үй көмегін алып, елді мекенде білім, медицина, ветеринария, спорт және мәдениет салалрында туған жерге қызмет атқарып келеді. Алдағы уақытта да осы салалар бойынша жоғарғы оқу орнын тәмамдап келген жас мамандарға барлық жағдай жасалып, тұрақты жұмысқа орналасуларына ықпал ететін боламыз.    

– Қазіргі таңда кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар көп. Атап​ айтқанда «Қайтарымсыз грант», «Ауыл аманаты» атты жобалар бар. Сіз басшылық етіп отырған ауылда кәсіпкерлік бағытында көрсеткіштер көңіл көншіте ме?!

– Еңбекші ауылы тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып саналады.2023 жылы 8 кәсіпкер мал шаруашылығын дамыту бойынша, несие алуға құжат өткізді,  2 шаруақожалық 70 млн теңге алып, мал басын көбейту жұмыстарын бастап кетті. «Бастау бизнес» жобасының 2 кезеңі бойынша 3 жұмыссыз азамат өтінім білдірді. «Ауыл аманаты» жобасына сәйкес 2,5 пайыздық несие бойынша ауылдық округтен  аудандық комиссияға 17 құжат өткізілді, қазіргі күні 12 құжат дайын тұр. Кәсіпкерлікті, оның ішінде мал шарушалығын дамыту бойынша жұмыстары алдағы уақыттада тұрақты жүргізілетін болады.
Ауылдық жерде тұрғындардың негізгі күн көрісі егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Осы бағытта қандай өрлеу бар? Осы сауалға егжей-тегжейлі тоқталсаңыз!

Жаңа атап өткенімдей ауыл тұрғындарының негізгі кәсіп көзі мал шаруашылығы 2023 жылғы 1 қаңтарға мал басы саны мүйізді ірі қара – 4636 бас, уақ мал – 24 114 бас, жылқы – 1194 бас, түйе – 395 басты құраса, Осы жылдың 1 шілдесінде МІҚ – 5877 бас, уақ мал – 31 252 бас, жылқы – 1206 бас, түйе – 520 басты құрап отыр.  Биылғы  жылы жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтардың есебінде барлығы 746 гектар жерге егіс егілді. Атап айтқанда, 236 гектарға күріш, 270 гектарға ескі жоңышқа, 38 гектарға жаңа жоңышқа, мал жемдік асқабақ 10 гектар, 37 гектарға картоп, көкөніс-бақша өнімдері 171 гектар жерге егілді.

– Өткен жылы Еңбекші ауылында мал ұрлығы бойынша екі адамның қылмысы анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі. Қазіргі уақытта ауылда мал ұрлығы азайды ма?

– Еңбекші ауылдық округінің жалпы көлемі – 455 610 гектар, оның ішінде: елді мекен жері – 3347 га, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер – 23 356 гектар, ал жайылымдық жерлер - 22 249 га, мемлекеттік қордағы жерлер- 209 841 га. Шиелі ауданы бойынша төрт түлік мал басы көп Еңбекші ауылдық округі. Ветеринариялық пункт мамандары заңға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті мәліметтерді  компьютерлі дерекқор базасына (ИСЖ) уақытылы тіркеп отыр. Ветеринар мамандар тарапынан төрт түлік малдарына уақытылы тіркеу, есептен шығару бойынша түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізілуде.Елді мекенде ірі-қара жануарларын бағуға 2 пада ұйымдастырылған, 1 пада ақылы Шиелі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша ақылы қоғамдық жұмыс арқылы Сейділдаев Жұмабай бақташы ретінде қабылданып, ірі қара малдарды бағуда және 1 пада кезек арқылы бағылады. Елді-мекенде иесіз жүрген малдарды қамауға байланысты 1 шаруа қожалықпен мемерандум жасалып, мал қамау қорасы жасалған. 

Өткен жылы Еңбекші ауылдық округінде 4 мал ұрлығы тіркелген болса, бір қылмыс анықталып, қалған үш мал ұрлығының дерегі әлі ашылмай тұр. Биылғы жылдың жарты жылдық есебі бойынша бүгінгі күнге дейін қылмыс, яғни, мал ұрлығы тіркелмеген. Құқық бұзушылық және мал ұрлығының алдын-алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдарымен, бөлек жергілікті қоғамдастық мүшелерімен, ардагерлер кеңесі, мектеп мұғалімдері және ата-аналардың қатысуымен тұрақты жүргізілуде. 2022 жылы мал ұрлығының және басқада құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Еңбекші ауылының кіреберісі мен шығаберіс жеріне 2 дана бейнебақылау орнатуға жобалау-сметалық құжаттары жасалып, бюджеттік өтінім берілді, алайда қолдау таппады. Мал ұрлығының алдын алу, қылмыстылықты болдырмау жөніндегі билбордтар ілініп, мерзімінде жаңартылып отыр. Осы бағыттағы түсіндірме жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы ақпараттарды жиі жариялап отырамыз.

– Ауылды көркейту-көгалдандыру бағытында қандай жұмыс жүргізіп жатсыздар?!

– Қазіргі уақытта көркейту-көгалдандыру жұмыстары елді-мекенде тұрақты жүргізілуде. Ауылдық округ әкімі аппараты арқылы 9 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылып, тазалау, жөндеу, көркейту-көгалдандыру жұмыстарымен айналысуда. Бюджеттік мекемелерде өз кезегінде ауылдың көркеюіне көп үлестерін тигізіп, өз айналаларына қалемше, көшеттер отырғызуда. Еңбекші ауылына кіреберіс аймаққа көктемгі көгалдандыру уақытында 1100 түп қалемше отырғызылды. Еңбекші ауылында жер асты суы (ыза су) деңгейі жоғары болғандықтан, ыза су кесірінен егілген көшеттер қурап қалуда. Осы күрделі мәселені шешу бойынша жеке кәсіпкерлермен келісіп, ауыл сыртындағы қашыртқы каналды қазу жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

– Ауылды дамыту жолында алға қойған мақсат-жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...

– Алдағы уақытта Еңбекші ауылындағы С.Төрениязов және 1, 2 кварталдарға инфрақұрылым жүргізу (жол, ауыз су, электр энергиясы), демеушілер арқылы ауылдан наубайхана және қоғамдық монша салу (қазіргі уақытта қоғамдық монша жері белгіленіп, жеке кәсіпкер құжаттарын рәсімдеуде), Қосүйеңкі елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылішілік газ жүргізу жұмыстары толық біткен соң, ауылішілік көшелереді толық жөндеуден өткізу және елді-мекендегі электр желілерен толықтай жаңартау жұмыстары қолға алынып, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: