Kyzylorda-news.kz. Аранды ауылдық округінің орталығы Қожабақы ауылы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінен 45 шақырым, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан.
Аранды ауылдық округіне екі орта мектеп: Қожабақы ауылында №25 мектеп, Аранды ауылында №97 мектеп; бір балалар бақшасы, бір аурухана, бір фельдшерлік пункт, бір Мәдениет үйі, бір клуб, екі кітапхана, бір пошта-байланыс бөлімшесі, бір тігін шеберханасы, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, тоғыз шаруа қожалығы және «Кішкене Ата» өндірістік кооперативі қамтылған.
Қожабақы ауылынан сегіз шақырым жерде Аранды қырдың үстінде Орақ батыр белгісі, алты шақырым жерде Келімбет тамы кесенесі (Үшүйтам), он бес- отыз бес шақырым аралықтарын қамтитын жерде Шанжар, Күйік қала және Жаман көл, Ақшүнгүл, Қара көл, Өтеген шүңгүл, Тал шүңгүл, Қулы, Сатыбалды, Бердібек сияқты жер аттары бар. Олардың әр қайсысы бір-бір тарих.
Аранды ауылдық кеңесі 1923 жылы құрылған бұрынғы №9 ауылдық кеңестің негізінде 1949 жылы құрылды. Ауылдық кеңесті басқарған азаматтар туралы нақты мәліметтер табылмады, білетін азаматтар қазіргі уақытта арамызда жоқ, дүниеден озған. Соғыстан кейінгі жылдары ауылдық кеңестің төрайымы Мәуе Еселбаева, одан кейінгі жылдарда төрағасы Емешов Темірбай болды. Аранды ауылдық кеңесіне Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды елді мекендері қараған. 1976 жылы Өркендеу ауылы өз алдына ауылдық кеңес болып құрылса, ал 2005 жылдан бастап, Бірлік елді мекені өз алдына округ болып құрылды. Аранды ауылдық кеңесін 1963-1985 жылдары Емешов Темірбай, 1985-1994 жылдары Есетов Аманкелді; 1994 жылы Аранды ауылдық кеңесі Аранды ауылдық округі болып құрылды. 1994-1998 жылдары ауылдық округ әкімі болып, Жұмағамбет Рахманберген, 1998-1999 жылдар аралығында Ахмет Шаттық, 1999 жылдан-2013 жылға дейін ауылдық округ әкімі Аманов Толықбол, 2013 жылдан бастап, Қуанғали Қожахмет ауылдық округі әкімі қызметін атқарып келеді.
Аранды ауылдық округінің қазіргі орталығы Қожабақы ауылы 1921 жылы Қожабақы артелі болып құрылған. Осы артелдің негізінде 1947 жылы М.Горький атындағы колхоз құрылған. 1949 жылы Фрунзе колхозы мен М.Горький атындағы колхоздары бірігіп орталығы М.Горький колхозы болып құрылды. Сол 1949 жылы «Социализм» және «Жантақты» колхоздары бірігіп А.А.Жданов атындағы колхоз болды. Ал 1958 жылы колхоздарды ірілендіру саясатына байланысты М. Горький және Жданов колхоздары бірігіп, орталығы А.А.Жданов атындағы колхоз болды.
Ф.Энгельс атындағы кеңшар 1963 жылы ақпан айында Қаз ССР Министрлер кеңесінің қаулысымен Қазалы ауданының Жданов, Жанкент және Ф.Энгельс атындағы колхоздарының негізінде қаракөл қой совхозы болып құрылды. Кеңшарда екі қой, бір сиыр фермасы 350 гектар егіс көлемі болды. Кеңшарға бірінші директор болып аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Нағашыбай Қожабаев тағайындалды. Бұл азамат директор болып, 1964 жылдың маусым айына дейін қызмет жасады.
1964 жылдың шілде айында аудандық партия комитетінің инспекторы болып қызмет істейтін, мамандығы зоотехник, Есенәлі Құлахметов совхозға директор болып, 1968 жылдың желтоқсан айына дейін жұмыс атқарды. Бұл азамат қызмет жасаған кезде ауыл шаруашылық дақылдарының көлемі ұлғайып, 1000 гектарға дейін өсті. Кеңшар орталығы ұлғайып, клуб қысы-жазы кино көрсететін театр, 50 орындық асханасымен дүкен, 450 орындық орта мектеп, орталықта жұмысшы қызметкерлерге арнап, көптеген тұрғын үйлер салынды. 1968 жылдың аяғында Ф.Энгельс атындағы совхоздан бөлініп, Өркендеу совхозы құрылды.
Совхозды мамандандыру есебінен негізгі күріш, қосалқы шаруашылық есебінде ірі қара малы көрші совхоздардан алынды. Қой, жылқы, түйе малдары көрші Бозкөл, Қызылқұм совхоздарына берілді. Бұл кезеңде 1968 жылдың желтоқсан айынан 1976 жылдың мамыр айына дейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер-механик болып қызмет атқарған Жарылқасын Шарипов директор болып жұмыс істеді. Бұл азамат қызмет атқарған кезде егіс көлемі 2000 гектарға дейін ұлғайып, күріш өсіруде аудандағы ХХII- партсъезд совхозынан кейінгі күріш фабрикасы болып есептелді. Күріштен мол өнім алып, совхоз экономикасы өсіп, пайдалы шаруашылық болды. Совхоз жұмысшы қызметкерлерінің тұрмыс жағдайлары көтеріліп, 1972 жылға дейін ауылда 19 жеңіл автокөлік, 25 мотоцикл болды. 1970 жылы совхоз мемлекетке 65000 центнер күріш тапсырып, ауданда бірінші болып жоспарды асыра орындады. Осы көрсеткіші үшін совхоз директоры Жарылқасын Шарипов, күрішші Қуаңбай Рахметов, мал азығын дайындайтын бригадир Қаразым Есенаманов, жылқышы Ашықбаев Қуаныш «Еңбек қызыл ту» орденімен, Қанимағамбетов Ұзақ «Ленин» орденімен наградталды. Онан басқа бес адам әртүрлі орден-медалдармен марапатталды. Совхозға ауыр техникалар К-700 тракторлары, жаңа комбайндар алынды. Шаруашылық жоңышқа егісінен тұқым өндіріп аудан шаруашылықтарын жоңышқа тұқымдарымен қамтамасыз етуге қол жеткізді, бұл жұмысты агроном Нұрмахан Айтжанов басқарды. Совхозды 1976 жылдың мамыр айынан 1980 жылға дейін аудандағы ХХII- партсъезд совхозында директор болып қызмет атқарған Бүркіт Жөкелов басқарды.
Совхозды 1980 жылдан Ермағамбет Жұбатқанов 1988 жылға дейін басқарды. Бұдан кейін совхозды 1988 жылдан 1991 жылға дейін директор болып Рахманберген Жұмағамбетов қызмет атқарды. Бұл кезде совхоз көлемінде ірі қара малды асылдандыру жұмыстары жүргізіліп, совхоз көлемінде үш стандартты коровник салынып, сүт, ет өндіру ұлғайды, ірі қарадан төл алудан сол кездегі бас зоотехник Толықбол Аманов 2 рет аудан, 1 рет облыс жеңімпазы болды.
1991 жылдан-1995 жылдар арасында совхозда директор болып Оңдасын Жарасов қызмет атқарды. 1995 жылдан-1997 жылдың маусым айына дейін совхозда бас агроном болған Баймұрат Теміров директор болып қызмет істеді. 1997 жылдың маусым айында совхоз тарап, бес шаруа қожалығына бөлінді. Оларды «Асан» шаруа қожалығы (жетекшісі-Тұлғабек Әбдіров), «Шебер» шаруа қожалығы (жетекшісі- Муса Әлиев), «Қожабақы» шаруа қожалығы (жетекшісі- Баймұрат Теміров), «Аранды» шаруа қожалығы (жетекшісі- Әбілғазы Томаев), «Әділет» шаруа қожалығы (жетекшісі- Толықбол Аманов) басқарды. 1999 жылы бұл шаруа қожалықтары бірігіп, Акционерлік қоғам болып құрылып, оны Баймұрат Теміров, 2001 жылдан бастап Әнес Дидаров басқарды.
2001 жылы Акционерлік қоғам тарап, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылып, оның директоры болып Муса Әлиев, 2003 жылдың мамыр айынан бастап Нәби Әбдуов басқарса, 2009 жылдан бастап Мұса Әлиев басқарып келеді. 2009 жылы ауылға – «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аймаққа танымал азамат, жеке кәсіпкер Мерей Есхожаев демеуші- инвестор болып келді. Сол жылдан бастап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды дами бастады. Серіктестік 2015 жылы 250 гектар жаңа жоңышқа, 353 гектар көне жоңышқа егіп, ал егілген 470 гектар күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім алды. 2016 жылы 600 гектар күріш, 238 гектар жаңа жоңышқа, 446 гектар көне жоңышқа барлығы 1284 гектар егіс егіліп, күтімге алынды. 5 ауыспалы егістікте 2341,7 гектар тегістелген жер егу кестесі (ротация) сақталына отырып, егілуде. Шаруашылықта 3 дана К-700, 3 дана Т-150, 8 дана МТЗ-80, 2 дана малютка-эксковатор тракторлары, 5 дана күріш комбайны, 1 дана «Магдон» күріш жаткасы және тағы басқа техникалар жұмыс істейді. 70 адам - ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған, науқан (жиын терім) кезеңінде жүзге дейін жергілікті жерден адам жұмысқа тартылады. «Агро-Өркен» ЖШС-і (ЖК М.Есхожаев, атқарушы директоры М.Алиев) ауылдағы әлеуметтік мекемелерге (балабақша, мектеп, мәдениет үйі, мешіт тағы басқа) және тұрмысы төмен отбасыларға үнемі демеушілік жасап келеді, мысалы орталықтағы «Ділімбет ишан» мешітіне жөндеу жұмыстары үшін 2015 жылы 500,0 мың теңге көлемінде тегін көмек берді. Биыл негізгі күріш дақылынан гектарына 43 центнерден алды.
Қожабақы ауылдық ауруханасы 1966 жылы ашылды. Алғашқы бас дәрігер болып, 1966-1970 жылдары Мүбереков Тиыштық қызмет атқарды. Одан кейін 1970-1975 жылдары Шайыхов Сержан бас дәрігер қызметін атқарды. 1975-1979 жылдары Кәдірбаев Аманкелді, 1979-1983 жылдары Жолманов Дәулет бас дәрігерлері қызметтерін атқарды. Ал 1984 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Махамбетияр Мирамхан Қожабақы ауылдық ауруханасының бас дәрігері; 2016 жылдың басынан бастап, білікті педиатр Алия Қартабаева дәрігерлік амбулатория меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Осы ауылдық ауруханаға қарасты Аранды, Бірлік елді мекеніндерінде фельдшерлік пункттер жұмыс істейді. Аурухана бойынша 1 жоғары білімді дәрігер, 17 орта буынды мейіркештер халыққа қызмет жасайды.
Қожабақы ауылдық мәдениет үйі алғаш 1921 жылы «Қызыл отау» болып құрылып, оны кейін өңірге танымал халық ақыны Байназар Өтепұлы басқарған. 1967 жылы ауылдық клуб болып ашылып, 1980 жылдан мәдениет үйі.
Қожабақы ауылдық кітапханасы 1963 жылы ашылды. Алғашқыда кітап қоры 5800 дана, оқырмандар саны – 150 болды. Кітапханада 1963-1977 жылға дейін меңгеруші болып, Сарсенов Файзулла, 1977-1987 жылдар аралығында Сырлыбаева Әсемгүлдер жемісті жұмыс жасаса, ал Ілиясова Ләззат 1987 жылдан кітапханашы болып жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарды, кітап қоры – 11500 болса, оқырман саны – 750 адамға көбейіп, кітап берілімі – 14256 данаға өсті. Кітапханада өткізілетін мәдени көпшілік жұмыстардың түрлері көбейіп, түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Жастар ұйымының жетекшісі Тілуқабылов Нұрбол. Кеңес мүшелері және жастар ұйымы ауылдың ауызбіршілігін сақтауда, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстауда табысты қызметтер атқарып келеді.
Аранды ауылдық округіне Қожабақы және Аранды ауылдары қарайды. Жер көлемі-1838 гектар, тұрғын халық саны-2031 жан, отбасы саны-362. Оның ішінде Қожабақы ауылында-1548 жан, оның 751-сі әйел, кәмелетке толмаған бала-582 отбасы саны-284, Аранды ауылында-483 жан, оның 228 әйел, кәмелетке толмаған бала-194, отбасы саны-78.
