ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев «ҚЭТТК» АҚ қызметкерлерімен кездесті.
Өңір әлеуетін дамыту жолында энергетика саласы өкілдерінің еңбегі ерекше. Себебі Қызылорда облысында инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту және дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен түрік инвесторы «Aksa Energy» компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватттық жаңа жылу-электр орталығын салды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарында инвестор қаражаты есебінен жүзеге асқан ең ірі энергетикалық жобалардың бірі. Жаңа орталықта 240 мегаватт электр энергиясы және 277 гигакалория жылу энергиясы өндіріледі. Аталған нысан өңірді электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірілген энергияның бір бөлігін басқа аймақтарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үш негізгі жылу-энергия көзі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жылу-электр орталығында №2 және №3 газтурбиналық қондырғылар, №6 бу қазандығы тұрақты жұмыс істеп тұр. Оңтүстік қазандықта №1, №2 және №4 бу қазандықтары пайдаланылуда. Сонымен қатар, қала аумағындағы шағын аудандарда орналасқан 18 автономды қазандық үздіксіз жұмыс атқаруда.
Қолданыстағы жылу-электр орталығы бүгінде 67 мегаватт электр энергиясы мен 355 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Ал оңтүстік жылу қазандығы қаланың оңтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Жылу жүйелерін жаңғырту аясында «Bono Energia» маркалы бу қазандықтарын қайта жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бір қазандық іске қосылып, қалған екі қондырғыны пайдалануға беру бағытында жұмыстар жалғасуда. Жоба толық іске асқаннан кейін сағатына 37 гигакалория жылу энергиясы өндіріліп, тұрғындарды тұрақты жылумен қамту қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, электр энергетикасы саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы облыс аумағындағы электр желілері мен қосалқы станцияларға жоспарланған жөндеу жұмыстарын толық аяқтады. Жылу маусымына қажетті апаттық қор барлық аудандарда жинақталып, инженерлік инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасалды.
Өңірде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқтаған фракция мүшелері сала мамандарымен пікір алмасып, лайықты еңбектері үшін алғысын жеткізді.

