Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында «Уран Энерго» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу аясында кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысып, мекеменің жұмыс барысы мен еңбек ұжымының тыныс-тіршілігін көрді. Жиында өндіріс саласындағы еңбек адамдарының рөлі, кәсіпорынның өңір экономикасына қосып отырған үлесі және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар партияның алдағы міндеттері мен ел дамуына бағытталған бастамалары кеңінен түсіндірді. Кездесу барысында партия қатарына жаңадан қабылданған қызметкерлерге партиялық билеттер табысталып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар берілді.
Сондай-ақ мекеме базасында «Уран Энерго» бастауыш партия ұйымы құрылып, оның алдағы жұмыс бағыттары талқыланды. Бұл бастама еңбек ұжымдары арасындағы партиялық жұмысты жандандырып, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Уран Энерго» ЖШС - электр энергиясын тасымалдау және тарату, электр жабдықтарын монтаждау және жөндеу, электр желілері мен қосалқы станцияларды іске қосу бағытында қызмет көрсететін ірі өндірістік мекемелердің бірі.
Кәсіпорын сондай-ақ әуе және кабельдік электр желілерінің құрылысын жүргізу, трансформаторлық қосалқы станциялар мен тарату құрылғыларын орнату, реле қорғанысы және автоматтандыру жүйелерін іске қосу жұмыстарын атқарады. Бұдан бөлек, жүк көтергіш техникалар мен механизмдерді пайдалану, жылу энергиясын өндіру және тарату, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері қызметтерін көрсету салаларында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Кездесу соңында Жандос Базартай өндіріс саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін жоғары бағалап, ұжым жұмысына табыс тіледі.

