Kyzylorda-news.kz. Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі қоғамдық бірлестігі 2015 жылы бастамашы азаматтардың жалпы жиналысының шешімімен құрылды. Ардагерлер кеңесі еліміздің 3 қаласында – Астана, Алматы, Шымкент және 7 облыста – Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау филиалдарын құра отырып, республикалық мәртебеге ие болды.

Бұл салалық бірлестіктің негізгі мақсаты – ардагерлерді белсенді қоғамдық өмірге тарту, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге жәрдемдесу, тәжірибе және кәсіби дағдылар алмасу.

2016 жылдың сәуір айында бірінші құрылтай конференциясы өтті. Онда бірлестіктің Қызылорда облысы бойынша филиалы құрылды, Алқа мүшелері сайланды. Филиалдың бірінші директоры болып Саттар Пікірбеков сайланды. Бірлестіктің мүшелері – газ саласының ардагерлері, газ саласында көп жылдық тәжірибе және өндірістік тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар. Бүгінде бірлестік филиалының қатарында 130-дан астам мүше бар.

2021 жылғы сәуірде ардагерлер кеңесінің жалпы жиналысында төраға болып Ерқанат Темірханов, сол жылдың қыркүйек айында кезектен тыс конференцияда осы жолдардың авторы Қызылорда облысы бойынша филиалдың директоры болып сайланды.

Филиал сала ардагерлермен күнделікті жұмыс жүргізуге, олардың әрқайсысымен тұрақты байланысты қамтамасыз етуге бағытталған өз қызметін жылдан жылға жандандырып келеді. Ардагерлер тұтынушыларды «көгілдір отынмен» үздіксіз жабдықтау, магистральдық және таратушы газ құбырларын апатсыз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жауапты міндеттерді табысты шешуге ықпал ете отырып, өздерінің бай өндірістік тәжірибелерін қазіргі газ қызметкерлерінің буынына беруде. «Қараөзек», «Арал», «Қорқыт Ата» компрессорлық станцияларын пайдалануға беру,  Байқоңыр қаласының объектілерін табиғи газға қосу рәсіміне қатысты. 

«Қауіпсіз еңбек-2022» еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылында  өткізілген іс-шаралардың да белсенді қатысушысы болды.
Жоғары, арнаулы оқу орындары студенттерімен және мектеп түлектерімен кездесулер дәстүрге айналды.

«QazaqGaz» ҰК АҚ компаниялар тобының еңбек ұжымдарымен бірлесіп, балаларға өз жылуы мен мейірімінің бір бөлігін сыйға тарту мақсатында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының» тәрбиеленушілеріне арналған «Тілектер шыршасы» акциясына қатысып, сыйлықтар табыс етілді.

Сала ардагерлерінің қажырлы еңбегі назардан тыс қалмайды. Қазақстан мұнайының 120 жылдығы қарсаңында ардагерлерге Энергетика министрлігінің «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды. Бірлестік комитетінің тарихында алғаш рет республикалық газ саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Е. Темірхановтың бастамасымен біздің ардагерлеріміз  С.Пикирбеков пен Ө. Алданов «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» және «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» бейінді министрлік наградасына ие болды.Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Құрмет грамоталарымен марапатталғандар қатары артты.

Ақпан айында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде республика бойынша газ саласының үшінші бұрышының салтанатты ашылуы өтті.

Сол күні филиалдың белсенді мүшелеріне «Qazaqgaz ардагері» төсбелгісі табысталды. Бірлестік филиалы ардагерлерінің бос уақытын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударады. 

Кәсіби шеберлікті жетілдіру, еңбектің озық әдістері мен тәсілдерін анықтау және тарату өте маңызды. Жұмыскерлердің апатсыз, жоғары өнімді жұмысты және газ тасымалдау жүйесінің жоғары техникалық сенімділігін қамтамасыз етуге моральдық және материалдық қызығушылығын күшейту үшін «Интергаз Орталық Азия», «Қызылорда» магистральдық газ құбырлары басқармасы  филиалы «Үздік маман» дәстүрлі жұмысшылардың кәсіби шеберлігі конкурсын өткізді. Оның турының салтанатты ашылуына газ саласының ардагерлері қатысты. 

Бұдан басқа, кеңес төрағасының бастамасымен Қызылорда облысы мен Қазақстанның газ саласы ардагерлері туралы деректі фильм түсіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қазақстанның газ саласының ардагерлері туралы «Алтын кітапты» басып шығару үшін ақпарат пен мұрағаттық құжаттарды жинау бойынша дайындық жұмыстары басталды.
 

Тағы да оқыңыз: