Kyzylorda-news.kz Теміржол саласында еңбек еткен Қайыпназар Көздібаев есімді ақсақалды қармақшылықтар өте мейірімді, қолында барын бөліп беріп, бәрін демеп, үйлі-баранды еткен жомарт жан деп таниды. 1939 жылы Ұлы Отан соғысы басталған тұста Қайыпназар әкенің отбасында Таңатар есімді ер бала дүниеге келеді. Оның балалық шағы да сол қиын-қыстау кездермен тұспа-тұс келді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген. Отбасында алған тәрбиесімен талайды тәнті еткен ел ағасы қазір сексеннің сеңгірінен асқан. 

Таңатар Қайыпназарұлы Ресейдегі Ноябрьск қаласында автожүрушілер дайындайтын мектепте білім алып, елге келгеннен кейін халық аузында «автобаза» атауымен жатталып қалған мекемеге автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа қабылданады. Өзінің алғашқы еңбек жолын осы орыннан бастайды. Кейін ұзақ жыл автобус жүргізсе, ірі жүк тасымалдау көліктерін де тізгіндеген. 35 жыл үзіліссіз еңбек еткен азамат құрметті зейнеттік демалысқа шыққанынша түрлі мақтаулар мен марапаттан кенде болмаған. 1975-1977 жылдар аралығында облыстық партия және облыстық атқару кеңесі, сонымен қатар комсомол және кәсіподақ комитеттерінің шешімімен социалистік жарыстың жеңімпазы атанса, 1974-тен 1978 жылға дейін қатарынан 4 рет облыстың «Таңдаулы транспорт қызметкері» атанған. Майталман жүргізуші «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен және бірнеше рет аудандық, облыстық, партия және атқару комитеттерінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болған. 

Өмірлік жары, балаларының анасы, немерелерінің әжесі марқұм Рәзия Базарқызымен бірген 7 ұл-қыз тәрбиелесе, бүгінде олардан 26 немере, 21 шөбере сүйіп отырған бақытты ата. 

– Зейнетке шыққаннан соң қарап отыра алам ба? Бала кезден машықтанған мамандықтан бірден қол үзу де оңайға соқпады. Ойлана келе аулама түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, оны күтіп-баптауға кірістім. Қазір бағымда 50-ге жуық түрлі жеміс ағашы бар. Жыл сайын, үйіп-төгіп несібесін береді. Оны балаларым мен немере, шөбере рақаттанып жейді. Ешқашан картоп сатып алған емеспіз. Өзім егіп, өнімін қыс бойы азық қыламыз. Бір жылдары 500-1000-ға дейін қоян, тауық, үй құстарын асырадым. Қазір қорада төрт түлік бар. Соны ермек қыламын, – дейді еңбек ардагері. Ал редакцияға келіп, «атамның тәрбиесі мен еңбегін мақтан етемін, оны өзгеге үлгі қылуға болады» деп ұсыныс айтқан немересі Айдана Көздібаевамен әңгімелескенде  былай деді. 

«Мен атамның жалғыз ұлынан тараған алғашқы немересімін. Атам бір қызығы немерелерінің бәріне еркелетіп ат қойған. Ат қойғанда да сол есімі біздің болмысымызбен сәйкес келеді. Мені «Әнші балапан» дейтін. Өнерге жақын болдым. Сіңілімді «Дана көжек» дейді. Ол өте ақылды. Әрқайсысымыздың балалық шағымыздың ерекше өтуіне бар жағдайды жасаған ата-әжеміз. Ескі автобустың, көліктің  орындығынан әткеншек, шана жасап беретін. Ондай ерекше дүниелер тек бізде ғана болды. Көршілер қызығып, сұрайтын.  Атам дүние жинаған адам емес. Қайта қолында барын бөліп беріп алғысқа кенеліп отырады. Ер азамат болып әжеме немесе балаларына қатты сөз айтқанын естімегенбіз. Дұрыс сөйлеуімізді қадағалап отырады. Сонымен қатар ізденуге, үйренуге, ұмтылуға машықтандырады. Әжеміз өмірден өтіп кетті. Ата-анамыз жұмыста болған соң көп уақытты атамызбен бірге өткізетінбіз. Оның бау-бақшасының өзі керемет. Бүгінде жеміс ағаштарының көшеттері аудан, қала, тіпті облыс асып жеміс жаюда. Жұмысы жайлы айтар болсам Қазақстанның түкпір-түкпірін  аралап, еңбек сіңірген қызметкерлерді тасыған. Жүк көлігін сахна қылып, талай әнші ауыл аралап концерт берген де екен. Техниканың тілін жетік білетіні соншалық, 35 жыл көлік жүргізгенде бірде-бір рет далада қалмадым деп отырады. Әлі күнге дейін газет, кітап оқып, оны жинайды. Құнды әңгімелер мен керекті дүниелерді қиып, сақтап қояды» дейді атасы жайлы ағынан жарылып. 

Сөздің емес, істің адамы болған ел ағасы бүгін бүтін бір әулеттің ақылшы тірегі, қамқоры болып отыр. Өзі алған саналы тәрбиені ұрпағының бойына да сіңіре білді. Аузынан тәубесі мен шүкірі, айналайыны мен өркенің өссіні түспейтін Таңатар атамыз сынды қазыналарымыз аман болсын. Әр отбасында елдің бейбітшілігін тілеп, балаларына бағдар бере алатын ата-ана болса, ел татулықта болып іргесі сөгілмек емес.

 

Тағы да оқыңыз: