Kyzylorda-news.kz. Ерте көктемнен бастап егіс алқабынан табылатын, Сырдария ауданындағы «Бесарық» ЖШС-нің күрішшісі Еділ Оңалбаев биыл облыстық «Алтын дән – 2022» мерекесінде «Озат күрішші» номинация иегері атанды. Облыстың егінжай еңбеккерлері марапатталған тұста бесарықтық диқанның да мерейі үстем болды.

Күрішші биыл 30 гектар жерге Сыр салысының «Элита» сортын егіп, гектарынан 100 центнерден өнім алды. Жоғарғы көрсеткішке жетуінің сырын күрішші төккен тердің, еткен еңбектің арқасында дейді.

Дала еңбеккері Еділ Әмірұлы ерте көктемнен бастап егіс даласында сырдың басты дақылын егіп, барынша мәпелегенін айтады. Күріш те бала секілді. Қалай баптап өсірсең, солай өнімін береді екен. «Күріш суымен ырыс» демекші, уақытылы суғарылып, күтімге алынуы керек. Ауа райы да биыл қарасыпты. Арагідік ыстық күндер болғанда күріштің күтімін бір сәтке де көзден таса қылмаған. Нәтижесінде, Жер-Ана молынан ырыс-несібесін де аямаса керек. 

Бесарықтық күрішші соңғы 3-4 жылдан бері серіктестікте Нұрлан Қадырбергеновтің №3 бригадасында күріш егумен айналысады. Биылғы егін жинау науқанында бригададағы 8 күрішшінің ең үздігі атанды. Еділден бөлек жоғарғы өнім алған Бауыржан Аппақов пен Шарапат Бодановтың да ерекше еңбегін атап өту керек. Олардың да күріштігі жайқалып өсті. Осы күні мол астық қамбаға түсіп, ел ырысы артқан.

«Мен бұрынғы Сырдария ауданына қарасты Тартоғай ауылында туғанмын, кейін ата-анаммен Бесарыққа көшіп келдік. Әкем Әмір, анам Нәзипа қойшы болды, осы ауылға келгеннен кейін күріш екті, кейін қайта шопан атанды. Осында білім алып, отбасылы болдым. Келіншегім Айгүл жақында алтыншымызды босанды. Қазір 5 ұл мен 1 қыздың әкесімін. Үлкен ұлым Нұрдәулет әскерден келді, серіктестікке өз мамандығы бойынша ветеринар болып жұмысқа орналасты. Осы уақытқа дейін әртүрлі жұмыс істеп келдім. Соңғы 4 жылдан бері серіктестікте күріш егіп, ризық-несібемді жерден көріп келемін. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биыл егін бітімді болып, мол өнім қамбаға құйылды. «Егінші жылда арманда» дегендей, маңдай теріміздің қайтарымы ретінде үздіктер көшін бастадық. Арнайы номинация алып, қуанышқа кенелдік», – дейді озат күрішші.
 

1666070174_foto-ozat-krshsh.jpg

Тағы да оқыңыз: