Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті мамандарды даярлау мәселесі талқыланды. Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінде «Еңбек адамы: аграрлық саланы модернизациялау» тақырыбында кәсіби пікір алмасу өтті.
Кездесуді «Әділет» партиясы аудандық филиалы ұйымдастырды. Жиында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастарды кәсіптік білім алуға бағыттау және аграрлық саланы заманауи технологиялармен дамыту мәселелері сөз болды. Кәсіби пікір алмасуға «Әділет» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов қатысты.
Колледж директоры Ерғали Илиясов білім беру мекемесінде студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы, техника және өндіріс салаларына қажетті білікті кадрларды даярлау – колледж жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Бүгінде аграрлық сектордың дамуы жаңа техника мен технологияға ғана емес, сол құралдарды кәсіби меңгеретін мамандарға да байланысты. Осы ретте колледжде жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие бірнеше бағыт бойынша білім беріледі.

Атап айтқанда, білім алушылар «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» сияқты техникалық мамандықтарды меңгеруде. Сонымен қатар қыз-келіншектерге тігін және тоқыма бағыттары бойынша кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік жасалған.
Жиында «Әділет» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов еңбек адамының қоғамдағы рөлі мен кәсіби мамандар даярлаудың ел экономикасы үшін маңызын атап өтті.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында алдағы бес жылда 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру міндеті қойылған. Бұл мақсатқа қол жеткізуде кәсіби білімі бар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау ерекше маңызға ие. Сондықтан жастардың жұмысшы және техникалық мамандықтарды таңдауына жағдай жасау – бүгінгі күннің ғана емес, елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды бағыты.
Бүгінде ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына білікті кадрлар қажет. Жастарға кәсіптің қадірін түсіндіріп, заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік беру арқылы біз еңбек нарығының сұранысы мен білім беру жүйесінің арасындағы байланысты күшейте аламыз», – деді Арман Мажитов.
Пікір алмасу барысында еңбек мәдениеті, кәсіби шеберлік, жұмысшы мамандықтардың болашағы және аграрлық саланы технологиялық жаңғырту мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығын дамытуда заманауи техника мен технологияның маңызы зор. Алайда оның тиімділігін арттыратын негізгі күш – кәсіби білімі бар, өз ісін жетік меңгерген еңбек адамы. Сондықтан бүгінгі колледж студенттеріне берілген білім мен тәжірибе – ертеңгі ауыл шаруашылығы мен өндірістің дамуына салынған маңызды инвестиция.

