Kyzylorda-news.kz Еңбек – елді алға бастайтын ең басты құндылық. Осы ұстанымды негізге алған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Жалағаш ауданына жасаған жұмыс сапары барысында еңбекші жастармен кездесті.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен шараға Қазақстанның Еңбек Ері, «Таң LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев арнайы қатысып, ауыл жастарына үлгі болар өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар кездесуге Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жастар мен мамандар және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы рөлін дәріптеу, ауыл жастарын еңбекке баулу, кәсіпкерлікке ынталандыру, сондай-ақ партиялық жобалар арқылы көрсетілетін қолдау тетіктерін кеңінен түсіндіру болды. Ашық форматта өткен жүздесу жастар мен тәжірибелі мамандар арасында еркін пікір алмасуға ұласты.
Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев өз сөзінде адал еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің адамды биік белестерге жетелейтінін нақты өмірлік мысалдар арқылы жеткізді. Ол ауылда жүріп-ақ үлкен жетістікке жетуге болатынын айтып, жастарды туған жеріне қызмет етуге, жаңа бастамаларға батыл қадам жасауға, кәсіп ашуға шақырды.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай партия тарапынан еңбекші жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен бастамаларға тоқталып, олардың әлеуетін ашуға барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Еңбек адамына құрмет – ел болашағына жасалған инвестиция. Осындай мазмұнды кездесулер ауыл жастарының еңбекке деген көзқарасын қалыптастырып, олардың туған жерді дамытуға деген ынтасын арттырары сөзсіз.- деді төраға Жандос Базартай.
Сондай-ақ кездесуде Еңбек Ері Имамзада Шағыртаевқа «AMANAT» партиясы Төрағасы Ерлан Қошановтың Құрмет грамотасы және белсенділерге партияның облыстық филиалының Алғыс хаттары табысталды.

