Kyzylorda-news.kz Елдің арасында өмірден алған өнегесін бере білген ақсақалдың бірі, Төретам кентінің тұрғыны «Милиция үздігі»,  «Еңбек ардагері» медальдары және КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасының иегері Әмидулла Нағыметұлы. Ол Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылында 1942 жылы дүниеге келген. 1958 жылы орта мектепті бітірген соң келесі жылы әскер қатарына алынып, Иран мемлекеті мен Әзірбайжан маңы ортасындағы шекара қызметінде борышын өтейді. 3 жыл міндетін атқарғасын, ішкі істер органына жұмысқа тұрады. Сондай-ақ, Алматыдағы жоғары милиция академиясына оқуға түсіп, оны «Заңгер» мамандығы бойынша «Қызыл дипломға» тәмамдайды. Темір тәртіп пен адалдықты жанына серік еткен жас сарбаздың мінез қалыбын байқаған рота командирі «Сен келешекте заңгер бол, біз саған оқуға жолдама берейік. Табиғатың келіп тұр» деп жиі айтатын болса керек. Бірақ ол туған жеріне қайтуды жөн санап, жолдас жігіттермен ауылға оралады.

– Жаспын. Оқуды бітіріп ауылға келдім. Басында қалада теміржолдың милициясында жұмыс істедім, одан соң Қазалыда қазіргіше айтқанда онда да теміржолдың қаржы полициясында қызмет еттім. Еңбектегі өмірімнің бәрі теміржолда өтті. 1965-жылдары Төретам стансасы теміржол милициясына басшылық қызметке келіп, ол жерде 9 жыл жұмыс істедім. Сол жерден майор шенінде отставкаға шықтым, – дейді ардагер екеуара сөз арасында.

Зейнеткерлікке шыққан соң да бос қарап отырмаған. Әскери мекемелерде маман, бас маман, заңгер болған. Әмидулла ақсақал жасы 80-нен асса да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Атап айтар болсақ, Төретам кенті бойынша ардагерлер және қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі. Елдің ішінде орын алған жағдайларға қарай құқықтық жағынан кеңесін беретін тәуелсіз медиаторлық қызмет те отставкадағы милиция майорының құзырында.

Оның қызмет барысында түскен фотосуреттері Мәскеу, Байқоңыр қалаларында өлкетану мұражайына қойылған. Ол туралы мақала Ресейдің «На страже Байконура» атты мемориалды кітабына енген. 1965 жылы бірнеше әріптесімен суретке түскен ағамыздың сол фотосы Байқоңырдың архивінде ұзақ жыл жатады ғой. Оны тауып алған архив қызметкерлері сол суретті қаланың 60 жылдық мерейтойында көпке жариялайды. Бір қызығы олар Әмидулла Нағыметұлына осы сурет үшін 3 жыл іздеу салыпты.  «Ол кезде далада түсуге болмайды. Фото  кабинетте түсірілді. Ортамызда полковник Шипунов бар. Бәріміз бірге түскенбіз. Оның тарихқа айналып кетерін кім білген?!» дейді ағамыз.

Бүгінде ол қоғам белсендісі ретінде көптеген іс-шараға шақырылады. Ресейлік жақтың да ішкі істер органы ардагермен жиі ақылдасып тұрады. Кеңес беруден жалықпайтын атамыз кездесу, басқосуларда жастардың ортасынан табылады. Төл мерекесінде, Қарттар күнінде құрмет төрінен көрінеді.

Әрбір еңбек адамының өмір жолы бізді қызықтырады. Оның ішінде олардың басынан өткен әңгімелеріне де құлақ түреміз. Орган оңай сала емес. Мықты мінез бен жүйке керек. Бұл жолы да ақсақалдан осы әдетімізді алға тартып, қызмет барысындағы оқиғалардың бірді-екісімен бөлісуін өтінген едік.

– Біздің қарасты аумақ Түркістан қаласы мен Сексеуіл стансасының аралығы болатын. Осы аралықта орын алған қылмыстарға мені жіберетін. Бірде вагон депосында кісі өлімі болып, сонда жіберді. Бір күннен соң оқиға орнына келдік. Бізге дейін анализ, талдау жұмыстары жүргізілген. Бірақ ешқандай ізге түсе алмаған. Өзімізге қайтадан тексеру жұмыстарын жүргізуге тура келді. Соның нәтижесінде бір бүктелген газетті тауып алдым да ондағы жазылған мекенжайға көзім түсті. Онда Оренбург қаласы дей келе, әрі қарай үйдің көшесі, нөмірі жазылыпты. Қасымда Александров деген майормен бірге барғанбыз. Дереу ол сол адреске хабарласты. Ертесіне білгеніміздей, шыныменде жаңағы адрестегі адам сол үйдің тұрғыны болып шықты. Орынбордағы әріптестеріміз үйіне іздеп барғанда таба алмады. Бірақ көп ұзамай оны қолға түсіріп, тергеу жүргізгенде ол қылмысын мойындады. Бұл сөйтсек, оның үшінші кісіні бақилық етіп тұрғаны екен. Танысады, бірге отырады, ішімдік ішеді, соңында осындай жағдай болатын болған.

Жұмыс барысында тағы бір мынадай жағдай болды. Мысалы, алда-жалда адам қайтыс болса, экспертиза жасауда қиындық тумайды. Себебін анықтау жеңілірек. Ал пойыз қағып болмаса басып кеткен жағдайда қылмыстың себебін анықтау күрделірек. Бірде түн ортасында хабар түсті. Белтақыр разъезінде пойыз адам басып кеткен. Сол жерден қасыма екі теміржолшыны ертіп алып (қолымызда қол жарық шамы бар), рельсті жағалап келеміз. Адамның дене мүшелері 120 метрге дейін шашылып қалған. Сау тамтығы қалмаған. Қасымдағылар жүрексініп, алға жүруге тартынды. Болмағасын беттерін бүркеп, тұмшаланып алды. Мен сол дене мүшелерін түгелімен жинап алып, Жосалыдағы моркке әкеп өткіздім. Ал енді адамның кім екені белгісіз? Соны табу керек? Жан-жаққа іздеу салдық. Белгілі болғандай, Қазалының азаматы болып шықты. Ол уақытта той-томалақ, құдажолыға арнайы шақырушы жіберілетін уақыт еді ғой. Бұл кісі де сондай шаруамен жүрген. Қармақшы жаққа жолға шыққан. Ағайындарының шақыру жұмысымен үйін аралаған. Дастарқанға арақ қойылған. Қайтарда масаң күйде жүк пойызының тамборына жайғасқан ол көзі ұйқыға кетіп, жаңағыдай қайғылы жағдай болған. Дәл осындай оқиға Бекбауыл стансасында да қайталанды. Ол жерде ұрлыққа түсу фактісі кезінде пойыздың астына түсіп қалған, – дейді өткенді еске алған ішкі істер саласының ардагері.

Әмидулла ағамыздың өмір тарихында полковник Құсайыновтың орны бір бөлек. Қазақстан бойынша теміржол милициясының бастығы болған ол бұлар жаңадан милиция жоғары оқу орнын бітіріп тұрғандарында: «Ал, жігіттер, сендерді ең қиын, ең ауыр қылмыстың болатын жеріне жіберемін. Өкпелемеңдер. Қазір органда Ұлы Отан соғысының қатысушылары еңбек етуде. Олардың орнын ертең сендер басасыңдар» деген сөзі оның жадында әлі күнге жаңғырып тұр десек, қателік емес. Солай болды да. Қай жерде еңбек етсе де ағамыз абыроймен қызмет етті. Ауыр қылмыстардың ашылуына септігін тигізді. Ізінен жас мамандар тәрбиеледі.

Көргені мен көкейге түйгені мол азамат отбасында Райхандай анамыздың адал жары, балаларына асқар тау әке, биік қорған бола білді. Жанұясында өсіп-өнген 4 ұл мен 2 қыздан тараған ұрпағының құрметті де қадірлісі атанды. Балаларының барлығы да өмірден өз орындарын тапты. 17 немере мен 6-7 шөбере көзінің қуанышы болып отыр. Қарашаңырақта немересі Мирас пен немере келіні Сәния аталарының жайын жасап, қолын жылы суға малуда.

Сөз соңында атамыз «Айналамыздың бәрі құбылып тұр. Соғыстар жүріп жатыр. Оның бетін әрі қылсын. Елімізді кім қорғайды? Балалар әскерге бару керек. Менің оларға берер батам да, тілегім де – осы» деп қысқа қайырды. 

Тағы да оқыңыз: