Kyzylorda-news.kz Арал аудандық мәдениет үйінде Еңбек күніне арналған «Адал азамат – еңбектің елшісі» атты салтанатты шара шымылдық түрді.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде еңбекке деген құрметті жандандыру, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, еңбек мәдениетін үйретуге бейімдеу мақсатында 2013 жылдан бері «Еңбек күні» мерекесі атап өтіліп келеді. Бүгінгі шара соның айқын дәлелі.
Жарқын өмірге жол ашып, бақыт пен табысқа жетелейтін маңызды күннің құрметіне ұйымдастырылған мерекелік шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, еңбек адамдарына өзінің ізгі лебізін жеткізді.
– Қадірлі ағайын, құрметті жерлестер! Сіздерді жарқын өмірдің басты құралына айналған Еңбек күнімен құттықтаймын! Еңбек – адам өміріне мағына беріп, болашақ ұрпаққа жол сілтейтін қасиетті ұғым. Еңбектің арқасында ғана қоғам өсіп-өркендеп, мәдениет пен руханият гүлдене түседі. Сол еңбектің бүгінгі екпіндісі де, салаға дем берген табанды қызметшісі де Өздеріңіз. Осы мерекеде барша еңбек адамдарына деген ерекше алғыс пен құрметімізді білдіреміз. Қай салада болмасын тер төгіп жүрген әр азаматтың үлесі ел игілігіне қосылған үлкен еңбек екенін атап өту – біздің парызымыз. Еңбекті майдан деп алсақ сол майданда жүрген барлығыңыз да құрметке лайықсыздар. Мықты маман, білікті кадр немесе бұл майданға енді кіріскен екпінді жан болсын, бастысы еңбекке адалдықтарыңыз маңызды. Біз қай маман болсын еңбек адамының таза әрі адал жұмысына құрметпен қараймыз. Әркез биік болмыстарыңыз аласармай, халық сенім артқан білікті маман ретінде биіктерден көріне беріңіздер! Баршаңызға зор денсаулық, еңбекте жаңа табыстар және амандық тілеймін, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Көп көңілін марқайтқан салтанатты шарада адал еңбектің екпіндісіне айналып жүрген бір топ түрлі саланың мамандары марапат төрінен көрінді.
Сала үздіктері сараланған шарада «Еңбек жолы» аудандық конкурсының жеңімпаздары түрлі аталым бойынша арнайы марапатталып, қаржылай қомақты сыйақыға ие болды. Сонымен қатар бір топ қарапайым еңбек адамдарына аудан әкімінің Алғыс хаты және қаржылай сыйлық табысталды.
Әрбір жетістікті маңдай тердің, табанды еңбектің жемісі деп бағалайтын жандардың құрметіне арналған мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.