Kyzylorda-news.kz Еңбек – елдің өркендеуінің негізі, ал еңбек адамы – қоғамның тірегі. Әрбір адал еңбектің артында табандылық, кәсібіне деген сүйіспеншілік пен үлкен жауапкершілік жатыр.

Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, еңбек дәстүрлерін сақтау және жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылатын «Еңбек жолы» республикалық конкурсы адал еңбекті дәріптеп, кәсіби шеберлік пен тәлімгерліктің маңызын айқындайтын игі бастама. Осы мерейлі мереке қарсаңында Арал ауданындағы бірқатар еңбек адамдары құрмет төрінен табылып, марапаттарға ие болды.

Бұл жолы өткен «Еңбек жолы» конкурсының облыстық кезеңінде Қамыстыбас балық питомнигінің тоған бригадирі Байбосынов Қылышбек Шарапұлы «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымын иеленді.

Бұл марапат мол тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, еңбек сабақтастығын сақтауға үлес қосып жүрген азаматтың кәсіби еңбегіне көрсетілген құрмет.

Сонымен қатар, «Аралтұз» АҚ №1 тұз өңдеу цехының қондырғы операторы Еңсепова Айымкүл Ахметжанқызына еңбегін бағалау және қолдау мақсатында шипажайға жолдама берілді.

Еңбек күні қарсаңында еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтарды атап өту  адал еңбекті бағалаудың, кәсіби жетістікті мойындаудың жарқын көрінісі. 

Еңбек адамдары марапат 2.jpg

Тағы да оқыңыз: