Kyzylorda-news.kz. Отыз жылға таяу ғұмыр жасын қоғамдық тәртіп сақшылығына арнаған полиция подполковнигі Нағашыбай Нарымбетұлының есімі бұл саладағы қызметтестерінің есінде деуге толық негіз бар. Нағашыбайды мен елу бес жылдан бері жақсы танимын. Екеуміз 1968 жылдары Қазалы ауданындағы №34 кәсіптік-техникалық училищесінде екі жылдық курсында бірге оқыдық. Одан кейін ішкі істер қызметінде бірге жұмыс жасап достығымыз ныяғая түсті.
Нарымбетұлы Нағашыбай 1952 жылдың 23-ші қарашасында Бозкөл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.
1961 жылы сол ауылдағы мектептің 1-ші сыныбына оқуға барып, 4-ші сыныпты бітірген соң Жанқожа батыр ауылындағы мектепте оқуын жалғастырып орта мектепті тамамдаған.
1971-1973 жыл аралығында кеңес армиясы қатарында болып борышын өтеп келіп жаңадан құрылған Өркендеу кеңшарына барып трактор рөліне отырады.
Ол кезде Өркендеу кеңшары негізінен күріш егумен айналысатын шаруашылықтың бірі болатын. Күз айларында егін жинаудың қызған шағында ауылдағы қырман басының нағыз еңбек адамдарымен қатар техникалар тынымсыз күндіз түні уақытпен санаспай жұмыс істейтін. Қырманда ауданнан барған өкілдер де, кеңшар басшылары да, құқық қорғау қызметкерлері де жиі болатын.
Аудандық ішкі істер бөлімінен сол ауылға өкіл болып барған милиция аға сержанты Әшірбек Қалмұратов өз ісіне тиянақты, дене бітімі де ержігітке сай, мінезі ұстамды, сабырлы Нағашыбайға көзі түсіп:
«Сен бала нағыз милиция қызметіне лайық жігіт екенсің. Өзің жассың, әрі тиісті жұмысыңды беріліп атқарады екенсің. Әскери борышыңды да жақсы тәртіпшілікпен өтеп келгеніңді де қатарластарыңнан сұрастырып білдім. Қарапайым отбасында тәрбиеленген екенсің. Менімен бірге егін жинау науқаны аяқталған соң аудан орталығына жүр.Басшыларыма таныстырып сені әуелі қатардағы милиция қызметіне орналасуыңа көмектесейін. Кейін сырттай оқып қызмет сатысына өсемін десең, тіпті жақсы»,– дейді сақа сержант.
«Әр нәрсенің сәті болады» дегендей, қысқасы Нағашыбай 1976 жылы қатардағы милиция қызметіне орналасады. Қызметтік форманы киімін енді киемін деп, әрі үш айлық білім жетілдіру курсына бармақшы болып жүргенде, яғни 1975 жылдың тамыз айының 13-мен 14-не қараған күні сол кездегі аудан орталығындағы Большевик көшесінің батыс жағындағы үлкен азық-түлік дүкенінің ағаш қоршауының ішінде бір адамның әйнек қиятын құралмен терезесінің әйнегін қиып жатқанын қоршаудың саңылауынан көшеде патрулде жүрген Нағашыбай байқап қалады. Көшенің қараңғы жағынан сығалап қараса, түсі суық шашы дудыраған қолына резина қолғап, үстіне спорт киімін киген жігіттің әлсін-әлсін тың-тыңдап алып, әйнекті өте сақтықпен қиып жатқанын анық көреді. Нағашыбай дүкенге жақын жердегі хоздвордағы қарауылдың будкісінен тездетіп кезекші милицияға жағдайды хабарлайды. Жеделдетіп жеткен үш милиция қызметкері мен Нағашыбай өзінің қиған терезесінен енді сыртқа шығып келе жатқан жерінен қылмыскерді дүкеннен алып шыққан. 970 сом ақшасымен ұстағанының көзі тірі куәсінің бірімін. Бұл оқиға қызметінде кездесетін жағдайлардың бірі ғана, әлі талай бұл сияқты жағдайға кездесуіңе тура келеді, бетпе-бет кездесесің деп Нағашыбайға басшылары ескерте отырып алғысын білдіреді.
1976 жылдың күзінде Қостанай қаласындағы милицияның арнаулы үш айлық курсында оқып, қайтадан Қазалыдағы қызметіне кіріседі. Тағы бір қызықты қарасаңшы. Оқудан келіп түнгі патрульдік қызметін аяқтап түн ортасы ауа кенттің батыс жағындағы үйіне қайтып бара жатады. Үйіне жақын ПМК-ның асханасы болатын көшеде ешқандай адам да, автокөлік қозғалысы да жоқ. Асхананың қапталынан өтіп бара жатып, ішінде біреудің жүргенін көзі шалады. «Беймезгіл уақытта жүрген бұл кім?» деп тасада тұрып, бақылау жасайды. Милиция бөліміне хабарлауға жақын маңда байланыста жоқ. Өзінің бір-екі жігітке әлі жететініне әрі үстіндегі формасына сенген тәжірибесі әлі толыса қоймаған албырт жігіт емін-еркін бір кісі сиятын терезеден асхана ішіне секіріп түседі. Бұны күтпеген ұры да иығындағы қос ауызды аңшы мылтығымен бұны атады. Құдай оңдап оғы бетон қабырғаға тиіп бытыралар жан-жаққа шашырайды. Екінші рет атпақшы болған қылмыскердің қолына жармасқан Нағашыбайды атқан оғы төбедегі бетонға тиеді. Бірақ жан екпінмен барын салып мылтық ұстаған қолын қатты қайырғандықтан қылмыскердің қолы иығынан шығады. Қанатынан қайырылған құстай болып қолға түскен қылмыскер тиісті жазасын алды.
1975 жылы Өркендеу ауылының сүйкімді сұлуы Гүлбарам Кішкенеқызымен бас қосты. Тағдыр Нағашыбай сынды баласының, келіндері мен немерелерінің қызығын көруді әкесі Нарымбетпен анасы Зағипаға жазбапты.
1974 жылы әкесі, 1975 жылы анасы о дүниелік болып кете барды. 1978 жылы Қызылорданың іргесіндегі Тасбөгет кентіндегі бөлімшеге қызметін ауыстырды. Әрі сол жылы Алматы қаласындағы милицияның арнаулы мектебіне сырттай оқуға түсті. Өте асқан тәртіптілікпен, ізденімпаздықпен, көркем де сыпайы мінезбен жас сарбаздың атқарған еңбегі зая кетпеді. Жеті жыл қатарынан облыстық басқарманың (УВД-ның) озаттар тақтасында суреті ілулі тұрды. Өсті, өнді. Сырттай да болса оқуын бітіріп, офицерлік дәрежеге жетті.
Қайтадан туған жері Қазалыға келіп қызметін жалғастырды. К.Маркс, Майдакөл, Ү.Түктібаев, Жаңақұрылыс төрт бірдей кеңшарға учаскелік уәкіл болып қызметін адал атқарды. Талай рет ауылдық жерлердегі мал ұрлықтарын әшкереледі. 1977 жылдан бастап Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу саласы бойынша бастықтың орынбасары болып іскерлігімен көрініп облыстық басшылардың назарына ілікті.
1999 жылдан бастап Қазалыға келіп тергеу бөлімінің бастығы лауазымына көтерілді. Екінің бірінің қолы жете бермейтін подполковник шенін алды. Министрдің қолынан «Еңбегі сіңген аймақтық уәкіл» марапатын да алды, «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ-ІІ-І дәрежелі медалымен қатар «ҚР полициясының үздігі» төсбелгісімен де марапатталды. Облыстық, аудандық әкімдермен, арнаулы бөлім басшыларының мақтау қағаздары да жеткілікті.
Бұл қызметтің әрқашанда қиыншылығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі ғой. Өміріңе қауіп төнетін кездері көптеп кездеседі. Соның бірін Нағашыбай әлі күнге дейін айтып мені бір Алла сақтады ғой деп отырады.
1980 жылдың жаз айында түн ортасы ауа Тасбөгет кентіндегі ресторанның көше жақ бетімен үйіне келе жатады. Ресторан ішінде терезеден біреудің жүргенін байқайды. Әуелі ресторанның қызметкерлері не күзетшілері ма деп терезеден қарағанда ол адам қапталдағы терезеден секіріп түседі де қараңғыға қарай қашады. Бірақ оның қолында ет шабатын шағын балта барын да қырағы сақшы байқап үлгіреді. Көшеде оны қуып келе жатып бір қуысқа қарай бұрылып қашқанын көреді. Бұл да қуысқа ізінен кірейін десе балтасымен ұрады ма деп қауіптенеді. Әрі-бері шыдамаған Нағашыбай қуыстың тұсынан өте бергенде зу етіп лақтырылған өткір балта желке тұсымнан өте шықты дейді. Қаша жөнелген қылмыскерді қуа бердім, не дегенмен аяғым ұзын, әрі жаспын, әрі оның балтасының лақтырған жерінде қалғанын білген соң барымды салдым. Бір көшенің тасасында «Москвич» машинасы тұр екен. Машинасына жетіп есігін аша бергенде мен де жетіп қолын артына қайырып белімдегі белдігіммен байладым. «Қайда жүрсем де асхана мен дүкенге түскендердің үстінен түсумен болдым ғой», – деп Нағашыбай өткен күндерін еске алып айтып отырады.
Нағашыбай 2003 жылы абыроймен зейнеткерлікке полполковник шенімен шықты. Таза 27 жыл қызмет еткенде еңбек кітапшасында ешқандай жазаланғаны жазылмаған. Марапаттары ғана тізілген. Осыншама демалысы аз, міндеті көп қиыншылығы жетіп артылатын қызметте жүріп, бұл әріптесіміз ұрпақ тәрбиесінде дұрыс жолға қоя білген. 8 бірдей ұл, қыздың әкесі. 14 немере мен 5 шөберенің атасы. Ұл қыздары өсіп жетіліп әке тәрбиесінен нәр алып тәртіптіліктерімен ерекшеленгендердің қатарында. Көбісі Алматы қаласының тұрғындары. Бір қызы мед академияны бітірген Астанада дәрігер. Нұрсұлтан есімді баласы Қонаев атындағы заң академиясын бітіріп, әкесінің ізін қумақшы. Ең кенже баласы Қожахмет Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің үшінші курс студенті. Ал қалған ұл-қыздары да өмірден өз орындарын таба білгендер қатарында.
Нағашыбай қазір медиация саласында 2018 жылдан бері медиатор. Әрі аудандық полиция бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бұл салада да атқарған істері жетерлік. Кеңес құрамында 96 ардагер есепте тұрып жатыр. Пагонды қариялардың төрағасы Нағашыбай Нарымбет ұлы осындай тәртіп сақшыларының суарылған семсері деуге лайықты азамат.