Kyzylorda-news.kz Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінде орналасқан жеке кәсіпкер «Baukin» цехының жұмысымен танысты.

Аталған кәсіпкер Бауыржан Сәрсенов 2024 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 7,0 млн теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болған. Қаражат жиһаз жасау және оны құрастыруға арналған заманауи құрал-жабдықтар алуға бағытталған.

Жеке кәсіпкер жиһаз өндірісімен 2020 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі таңда цехта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық айналым қаражаты 35–40 млн теңгені құрайды.

Бүгінде өндіріс орнында тұрғын үй мен кеңсеге арналған жиһаздар, сондай-ақ сауда орындарына қажетті бұйымдар тапсырыс негізінде дайындалады. Ай сайын 15–20 ірі көлемдегі және 100-ге жуық шағын өнім шығарылып, жергілікті нарық сұранысын қамтамасыз етіп отыр.

Кездесу барысында фракция мүшесіне өндірістің мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және кәсіпорынның алдағы даму жоспарлары таныстырылды.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы Сыр өңірінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға нақты серпін беріп келеді.

Тағы да оқыңыз: