Kyzylorda-news.kz. Жұмыстың оңайы жоқ. Бірақ Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы тіпті қиын. Бір қарағанда ондағылар тек компьютердің көмегімен, бір ғана тетікті басып қана отыратындай көрінеді. Бірақ олардың да жұмысы сахнаның арғы жағындағы өнерпаздар сияқты көзге көріне бермейді. Ал шындығында шаруалары шаш етектен.
Мұндай орталықта жұмыс істейтін мамандардың барлығы халық үшін аянбай тер төгеді. Күндіз-түні тер төгіп, ел үшін еңбек ететін осындай жауапты қызметті екінің бірі атқара алмасы анық. Ал бүгінгі кейіпкеріміз – Зұлпыхар Мырзахметұлы аудан халқының алғысын алып жүрген, майталман маман атанған жандардың бірі.
Әуелі Зұлпыхар Әбназаров жайлы аз-кем тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. 1985 жылы дүние дидарына келген кейіпкеріміз №48 Әуелбек Қоңыратбаев атындағы қазақ орта мектебін тәмәмдаған соң, 2003 жылы Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне «заңгер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Аталған оқу орнын 2008 жылы аяқтаған соң аудан халқы үшін абыройлы қызмет етуді өзіне мақсат етеді. Осылайша ол сол жылдан бастап Шиелі ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналасып, күні бүгінге дейін еселі еңбек етіп келеді.
Кейіпкеріміздің 15 жылдан бері алғашқы жұмыс орнында абыроймен жұмыс істеп, ел алғысын алып жүрген жайы бар. Ол бүгінде сүйікті жар, бір ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған қамқор әке. Зұлпыхар Мырзахметұлы – отбасының ұйытқысы ғана емес, досқа сыйлы, әріптестеріне құрметті болып жүрген жан. Ал аудан халқы оны өз ісінің шебері деп біледі. Өйткені, Зұлпыхар мекеменің қызметіне жүгініп келген әрбір адамға қол ұшын соза біледі. Өз жұмысын ғана емес, өзгелерге де көмек беруді азаматтық борышы санайды. Расында, ол – нағыз Халыққа қызмет көрсетіп жүрген жан. Ендеше, біз де жұмысын сүйетін жетекші маманның бүгінгі жетістігімен мақтанамыз!