Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда жер жаһандағы жұмыр басты пенденің барлығын электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Себебі күнделікті қолданыстағы тұрмыстық техникалар да, бір сәт жанымыздан тастамайтын байланыс құралы да, керек десеңіз кәдеңізге жарар көлігіңіз де түгелдей дерлік ток көзіне тәуелді.
Технологияның қарыштап дамыған заманында электр жарығының адамзат баласы үшін маңызы арта түсті. Мұны үйіңізде бір күн жарық өшіп қалғанда кететін берекеден-ақ байқауға болады. Иә, жарықтың өзі көрінбесе де, ол барлық нәрсені көзбен көруге ықпал етеді. Сондықтан электр энергиясының тұрмыста атқармайтын қызметі жоқ десек артық емес. Қанша заман өтсе де энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш әрі экономиканың негізгі діңгегі болып қала береді. ХХІ ғасырдағы адамзат баласының өмір сүру мүмкіндігі тікелей осы сала мамандарының төккен тері мен еткен еңбегіне байланысты. Сондықтан қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, күллі әлемді жарықтандыруға атсалысып жүрген маман иелерінің бұл ісі қандай құрметке болсын лайық.
Шиелі ауданы бойынша электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге 35 кВ 195,35 шақырым, 10 кВ 395,55 шақырым, 0,4 кВ 487,5 шақырым әуе желілері бар. Қазіргі таңда бұл әуе желілері бойында кедергі келтіріп тұрған тал бұтақтары шабылып, сымдар тартылған. Сонымен қатар көше бойындағы шөп те тазартылып, ағаш және темір бетон бағаналар қайта жөндеуден өткен. Бағаналардың диспетчерлік нөмірі жаңартылған. Ал аудан бойынша электр жарығын 17 545 тұтынушы пайдаланып отыр. Оның ішінде 15 951 жеке тұлға болса, 1594-і заңды тұлға. Аудан тұрғындарына «ҚЭТТК» АҚ Шиелі аудандық электр тарату торабы қызмет көрсетіп келеді. Әрине, кенттің көркін ашып, жарықтандыруда ¬аудан энергетиктерінің қосқан үлесі орасан.
Энергетика – жай ғана мамандық емес, туа біткен әуестік. Сол себепті аталған саланы кез келген адам таңдап, онымен өмірін біте қайнастыра алмайды. Жасыратыны жоқ, энергетиктердің қызметі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Тіпті, олардың қазандай қайнаған қызу тіршілігі көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда, үйіміз бен көшеміз түннің бір уағында да жап-жарық болып тұрғаны энергетиктердің арқасы екенін естен шығармайық.