Kyzylorda-news.kz Астанада жедел жәрдемнің қай жерде келе жатқанын енді нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Пилоттық жоба туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Арнайы мобильді қосымша арқылы жедел жәрдемнің қай жерде келе жатқанын кейбір шақыртулар санаты бойынша тек елорда тұрғындары бақылай алады.

Енді жедел жәрдемнің бірінші кезектегі шұғыл шақыртулары бойынша науқастың телефонына SMS-хабарлама келеді. Онда жедел жәрдем көлігінің нақты уақыт режимінде қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін онлайн-картаға сілтеме болады. Бұл карта арқылы науқас жедел жәрдемнің қай жерде келе жатқанын көре алады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, "103" нөміріне хабарласатын азаматтардың жартысына жуығы жедел жәрдемнің келу уақытын нақтылайды. Ал жаңа интерактивті карта диспетчерлік қызметке түсетін қайталама қоңырауларды азайтып, диспетчерлерге басқа шақыртуларды қабылдауға мүмкіндік береді.

“Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласының әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп, жедел медициналық көмек бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Болашақта бұл жобаны әрі қарай дамытуды көздеп отырмыз. Егер пилоттық жобаның нәтижесі оң болса, оны шұғылдықтың басқа санаттары және еліміздің өзге қалалары мен өңірлеріне де кеңейтеміз”, – Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Айдар Қасенов.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: