Kyzylorda-news.kz Аудан медицинасы сан тарапқа бөлінген сала ретінде көпшілікке мәлім. Денсаулық сақтау қызметін жан-жақты үйлестіру, емделушілерге қолайлы орта қалыптастыру – аурухана ұжымының негізгі мақсатының бірі саналады. Аптаның бейсенбісінде үнемі көзге көрінбейтін қажырлы еңбектерімен даралана білетін «Асхана» бөлімшесінің мамандарымен жолыққан едік. Бізді жайдарлы мінезімен бөлімшенің ем-дәм мейіргері Ләззат Әубәкірова қарсы алды.
Бөлімшеде 2 ауысым бойынша аспазшылар 8 бөлімшеге тәуліктің 3 мезгілінде тағам әзірлейді. Әрбір бөлімшеден күн сайын науқас санына байланысты тағам алу үшін сала мамандарына сұраныс жолданады. Әрине, емделушіге арналып тағам дайындалатын болғандықтан, «Асхана» бөлімшесінің мамандары санитарлық тазалыққа жіті көңіл бөледі. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар ас әзірлейтін аспазшылар тағамның мөлшерін анықтап, науқастар үшін белгіленген диеталық норманы сақтайды.
– Біздің тағамдарымыз таңғы 8.00-де пісіріліп, бөлімшелерге таратуға дайын болады. Таңертең және кешкі уақытта сүтті тағамдар жасаймыз. Сонымен қатар түскі тағамдардың етін асып, диеталық үлгіде әзірлейміз. Бүгінгі кешкі тамаққа арнайы ас мәзіріне сүйене отырып, сүтті қарақұмық тамағын науқастарға беруге ұйғарым жасадық. Біздің бөлімшеде 3 аспазшы, 2 жұмысшы, 1 қоймашы бар. Осы сәтте науқастарға тағам дайындап жатқан Гүлмира Дүйсенбай мен Шолпан Аманжол екенін айта кетейін. «Ас – адамның арқауы» деген тәмсіл бар. Әрине, ем қабылдаушы жандарға сапалы қызмет етуге барымызды саламыз, – деді ем-дәм мейіргері Ләззат Әубәкірова.
