Kyzylorda-news.kz. Астана – еліміздің мерейін үстем еткен, әлем назарын өзіне аударған Сарыарқаның төсінде, Есіл өзенінің жағасында жайғасқан алып шаһар. Алғаш болып тарих көшін бастаған Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегінің жемісіндей тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі ғимараттары, әсем монументтері мен сәулетті ескерткіштері салынып, көз алдымызда өзінің керемет сымбатымен құлпыра түсуде. Таңғажайып кең байтақ жеріміздң кіндігінде аз жылдар ішінде бой көтеріп, әсемдігімен жан-жағына шуағын шашқан осынау Астананың туған күні жан-жақта өз деңгейінде аталып келеді. Ел бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болады. Елорданың туған күні бір ғана қаланың деңгейінде емес, тұтас қазақ ұлтының қуанышы. Бұл күні тек ән шырқалып, көңіл көтеріп қана қоймай, бас қаланың тарихына шолу жасаймыз.
Елорданың 25 жылдығын қалам ұшында сөйлетер алдында көп толғанғандығымыз жасырын емес. Газет бетінде жарық көретін әрбір мақаланың өн бойында оқырманға ой салар, оқығанда көңілдердің пернесін басар тұщымды тұстары болуы айнымас заңдылық, әрине. Нақ осы тақырыпты қаузарда Астананың алғашқы құрылған сәтіне назар аударғымыз келді. Қазақ елінің тәжіндей болған айбынды Астана қаласы әлі де даму үстінде. Десек те, біреуге аз, біреуге көп жыл ішінде бағындырған белесі де аз емес. 1994 жылғы 6 шілде – ел астанасының Алатау бөктеріндегі Алматы шаһарынан Ақмолаға ауысуы туралы шешім қабылданған күн. 1997 жылы 20 қазанда Президент жарлыққа қол қойып, сол жылдың 10 желтоқсанынан бастап, ресми түрде Қазақстан Республикасының астанасы сол уақытта 300 мыңдай халқы бар Ақмола қаласы атанады. Негізі ел астанасының туған күні 1998 жылдан 2006 жылға дейін 10 маусымда тойланып келді. Себебі бекітілгеннен кейінгі ресми тұсаукесері 10 маусымда өткен болатын. Кейін «Мерекелер туралы» заңға енгізілген түзетуден соң Елорда күні 6 шілдеге ауыстырылды. Қазіргі Астана қаласы 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Ақмола бекінісінде пайда болған. 1961 жылға дейін Акмолинск, 1961-1992 жылдары Целиноград, 1992-1998 жылдары Ақмола аталса, сол жылдан 2019 жылға дейін Астана аталды.
«Бір жолы түнде, дәлірек айтсам сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – астана! Қазақша әдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық рең бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана! Бірақ әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилия. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады», – деп жазды Елбасы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында.
Еліміз әлемдік аренадағы өзіндік орны айшықталып, жетекші державалардың сенімді серіктесі болып отырған дамушы мемлекет. Астана жас болса да әлемдік алпауыт мемлекеттердің астаналарымен иық тіресіп, терезесі теңесіп, құла даладан құлпырған қалаға айналып, өркениетке бет түзеді. Халықаралық ЕХРО көрмесі еліміздің еңсесін көтеріп, мәртебесін асқақтатты. Бұған дейін әлем халқы жер бетінде Қазақстан деген мемлекет, қазақ атты ұлт бар екенін бұрын спортшы, ғалым, өнер майталмандарымыз арқылы танып келсе, ендігі жерде әсем астанамыздағы көздің жауын алатын ерекше инфрақұрылымдық нысандарымен ерекшелеп, танитын жағдайға жетті. Еліміздің жүрегіндей болған елорда білімді жастарымен күннен-күнге көркейіп, өсіп-жетілуде. Қала жастар үшін неше түрлі мәдени орындар, сауда орталықтары, спорт кешендерін тұрғызды. Олардың әрқайсысы өзіндік архитектуралық ерекшелігімен айшықталады. Елорданың әрбір ғимараты дамыған елдердің архитектура саласында жұмыс атқарып, мол тәжірибе жинаған архитекторлардың идеясы мен Елбасының қолдауы арқылы салынған.
Биыл бас қала өзінің жиырма бесінші жазын қарсы алуда. 25 жастағы адамның бойынан қай істе де белсенділікті, қызығушылықты, ізденісі мен білім деңгейі ұштасқан қарымды істердің бастаушысы болуға сұранып тұратын қасиеттерді көреміз. Астана – мүмкіндіктер қаласы. Мұнда білім алып, тәжірибе жинаймын деген жастардың келешегі кемел, болашағы айқын, жұлдызы жарық.
