Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы И. Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжінде «2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» идеясы аясында «Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім» тақырыбында «Ашық әңгіме» форматындағы кездесу ұйымдастырылды.

Шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, кеңес мүшесі, облыстық ҚХА ардагері Асылбек Жұмабаев, сондай-ақ кеңес үйлестірушісі, саясаттанушы Бауыржан Усенбаев қатысты.

Кездесуде сөз алған Б. Қожамберлиев Мемлекет басшысының «Адал азамат» идеясынан туындайтын ұстанымдарға тоқталып, жастар арасында кеңінен таралып отырған лудомания, вандализм және нашақорлық секілді келеңсіз құбылыстардың алдын алу бағытында тәрбиелік мәні зор ойларымен бөлісті.

Ал ҚХА ардагері А. Жұмабаев ел экономикасының ілгерілеуі мен өндірістің өркендеуі үшін жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының өмірлік тәжірибелерінен мысал келтірді.

Саясаттанушы Б. Усенбаев Қазақстанның кеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарындағы даму үдерістеріне салыстырмалы талдау жасап, еліміздің халықаралық аренада тұтынушы елдер қатарынан өндіруші мемлекеттер санатына өту бағытындағы стратегиялық міндеттерге тоқталды.

Кездесу барысында жастар өз ой-пікірлерін ортаға салып, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Тағы да оқыңыз: