Kyzylorda-news.kz. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен жоспарының негізіндегі көктем мезгілінің келуімен киік аңдарының төлдеуіне байланысты еліміздің бірқатар өңірінде және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында «Киік» кең ауқымды акциясы жүргізіледі.
Аталған облыстардың киік аңы мекен ететін аймақтарға киік қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның 430-ға жуық инспекторлары және 2 тік ұшақ, 90 джип, камаз кунг автокөліктерімен жұмылдырылып арнайы техникалардан «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғылары қолданылып басқа да барлық мүмкіндіктер пайдаланылатын болады.
Акцияның мақсаты – киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.
Бұйрық шеңберінде акцияны өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.
Акция барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп киік мүйіздерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және оларды елден тыс жерлерге шығару бойынша шаралар күшейтілетін болады.
Былтыр ел аумағында киік аңдары мекен етіп қоныс тепкен Орал, Үстірт және Бетпақдала барлығы 1 318 000 басқа көбейді. Ал, 2021 жылғы санақ бойынша үш популяцияларда 842 мың бас киікті құраған: оның ішінде Оралда – 545 000 бас, Үстіртте –12 000 бас және Бетпақдалада – 285 000 бас киік көбейген.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның бастамасымен 2023 жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында еліміздің 4 облысында атуға тыйым салынған киік аңы және қызыл кітапқа енгізілген аңдарының санағын жүргізу жоспарлануда.
Өңірде 35 инспектордан құрылған барлығы 7 мобильдік топ қызмет етеді. Бұл мобильдік топтар атуға тыйым салынған киік аңын, ҚР Қызыл кітабына енген сирек кездесетін жануарларды қорғауға арналған жұмыстарын жалпы аумағы 21 359 512 мың гектар жер аумағында, оның ішінде Қызылорда облысының 17 783 279 мың гектар, Түркістан облысының 3 576 233 мың гектар далалық жерінде жүргізеді.
Сонымен қатар, акция аясында құзырлы құқық қорғау орган қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар жоспарланып, жоспар негізінде Қызылорда-Ақтөбе, Қызылорда-Жезқазған және Қызылорда-Түркістан бағытындағы жолдарда мобильдік топтармен арнайы құрылған бекеттер жұмыс жасайтын болады.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Кызылорда өңірлік филиалы қызметкерлерімен 2023 жылдың 1-тоқсанында ҚР Қызыл кітабына енгізілген, сирек кездесетін аң-құстармен, жойылып кету қаупі бар аша тұяқты жануарларды және ақбөкен аңын қорғау, сақтау барысында 5 қылмыстық іс, 3 әкімшілік істерді анықтап, барлығы құзырлы органдармен 26 бірлескен іс-шаралары жүргізіп, елдімекендерде 48 үгіт-насихат жұмыстарын атқарды.
