Kyzylorda-news.kz. Аналар күні елімізде мамыр айының екінші жексенбісінен бастап атап өтіледі. Бұл мереке ана болудың маңыздылығын, аналарды құрметтеуді және олардың қоғамдағы рөлін дәріптеуге арналған. Сондай-ақ осы бағытта Неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шара жоспарланған. 

Мерекелік іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов облыс әкімі Н.Нәлібаевтың алтын құрсақты аналарды құттықтау лебізінен бастады. 

Аталған жиынға Қызылорда қаласынан және облыстың 7 ауданынан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері қатысты. Аналарға деген құрметтің, ілтипаттың, құттықтаудың шектеулі мерзімі жоқ. 

Іс-шара барысында Алтын құрсақты ана, 10 баладан, 31 немере, 26 шөбере сүйіп отырған батыр ана Есекеева Балай Нәбиқызы (82 жаста, сауыншы, ауылдық кеңес депутаты болған, қазіргі таңда Әжелер ансамблінің мүшесі, Сырдария ауданының тұрғыны) және «Алтын алқа» иегері, 7 бала, 25 немере, 3 шөбере сүйіп отырған Сыздықова Жақсыгүл Смайлқызы (72 жаста, білім саласының ардагері, Шиелі ауданының тұрғыны) сөз сөйлеп, барша аналарға мерекелік құттықтау лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ, жас батыр ана, «Алтын алқа» иегері, 7 баланың анасы Нұрғалиева Майра Мирғалиқызы (34 жаста, «Айбибі» балабақшасының меңгерушісі, Қызылорда қаласының тұрғыны) қоғамдық өмірде аналық парыз бен кәсіпті бірге алып жүру дағдылары туралы тәжірибесімен бөлісті. 

Сонымен қатар, «Анаға тағзым» орталығының директоры Молжанова Алтынай Бекмағамбетқызы облыста аналарға қолдау көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. 

Мерекелік іс-шараға қатысушыларға облыс әкімінің атынан бағалы сыйлықтар мен гүлшоқтары табысталды. Аталған шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, қатысушылар естелік фотоға түсті.

4d18f6ba-d6ac-4aba-85c7-c7cdde670ea6.jpg872d5cd7-b615-416a-a34d-3bc4bbcb6f3a.jpg

Тағы да оқыңыз: