Kyzylorda-news.kz Киберқылмыспен күрес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басым бағыты болып қала береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматтарды цифрлық кеңістікте қорғау мақсатында полиция онлайн ортадағы қылмыстардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесіп жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Оның сөзінше, интернеттің дамуымен «дәстүрлі» қылмыс түрлері онлайн кеңістікке ауысып, жаңа сипатқа ие болған.

Бүгінде ұрлықтар интернет арқылы жасалуда, қаскөйлер азаматтардың ақшасын ұрлау үшін заманауи технологияларды пайдаланып отыр. Мұндай қылмыстармен күрес үш бағытта жүргізілуі тиіс: заңнамалық, техникалық және профилактикалық шаралар. Тек кешенді тәсіл ғана киберқылмысқа тиімді түрде қарсы тұруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

2025 жылы байланыс операторларымен бірлесіп 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталды. Арнайы жүйе іске қосылған сәттен бері 85 миллионнан аса алаяқтық қоңыраудың алдын алу мүмкін болды. Қылмыстық топтарды құру және оларға басшылық ету фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі трансұлттық сипатқа ие.

Сонымен қатар қабылданған техникалық шаралар нәтижесінде құқық қорғау органдары 100 мыңнан астам sim-картаны және қаскөйлер пайдаланған 88 sim-box құрылғысын тәркіледі. Өткен жылы Қазақстаннан тыс жерде жеті call-орталықтың қызметі тоқтатылса, ел аумағында тағы алты осындай орталық жойылды.

ІІМ өкілдері алаяқтыққа қарсы күресте азаматтардың цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтауы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кибергигиенаны сақтау мұндай қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер. Банктік карталарды үшінші тұлғаларға бермеңіздер және жеке деректеріңізді ешкімге хабарламаңыздар, – деді Жандос Сүйінбай.

Фото: nege kz 

Тағы да оқыңыз: