Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Телікөл ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Бір ерекшелігі халықпен кездесу ауыл мектебінің 90 жылдық мерейтойымен қатар келді. Алдымен, аудан басшысы тұрғындарымен тілдесіп, артынша мерейтойлық кештің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«90 жылдық тарихы бар білім ордасы, осы уақыттың ішінде талай кезеңдерді бастан кешірді, талай түлектерді баулап өсірді. Қаншама шәкірттерін өмір жолына шығарып салды. 90 жылдың жүгі ауыр, сыры да толағай. Сондықтан барша осында қызмет жасаған ардегерлер үшін, білім алған түлектер үшін ерекше мереке. Әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, асқақтаған арман қиялына жан бітіріп, санасына ақыл ұялатып, жаңа өмір жолына жол сілтеген ұстаздар қауымына қошемет пен ықыласымызды білдіремін. Республикаға белгілі журналист-аудармашы Ағайдар Ысымұлы ағамыз, белгілі кәсіпкер-меценант Талғат Тасболатұлы ағаларымыз сынды түлектер шыққан мектеп - мықты мектеп деп атап айтқым келеді. Бұл мектептің қазір де мақтан етіп айтатын жетістіктері баршылық. Мәселен, өткен оқу жылында мектеп бітірген түлектері мемлекеттік грант ұту бойынша ауданымызда 1-орынға ие болды. Бұл үлкен жетістік. Мемлекеттік грант, бұл - ауданымызға, ауылымызға және әрбір отасына кірген кіріс. Сондай-ақ, мектеп оқушылары волейбол спортынан облыс бойынша 1-орынды, республика бойынша да жүлделі орындарды иеленіп жүр. Тоғызқұмалақ ойыны бойынша да ұстаздары мен оқушылары облыста жеңімпаз атанып, танылып келеді. Мектеп тек жақсы жағынан, осындай жетістіктерімен таныла берсін!» деді аудан әкімі.
Мұнан соң, мерекелік кеш концерттік қойылымдарға және волейбол спортынан аудандық турнирге ұласты.