Kyzylorda-news.kz.Өзіміз өмір сүріп, өсіп-өніп жатқан Жаңақорған ауданы өндіріс жағынан әлеуеті бекем, аграрлық салада да айтарлықтай ілгері табыстарға қол жеткізіп келе жатқан, мүмкін сондықтан елі бай, дәулеті сәулетіне сай киелі мекен саналады.
Қаратаудың қойнауын мекендеген, бетегесіне береке байырқалаған жазиралы мекеннің тұрмыс-тіршілігін заманауи өмір ағымына бейімдеуде кешегі-бүгінгі басшы тұлғалардың кемел мақсат, келелі жоспар түзген шешімді қадамдары ел тағдырымен тұтаса өріліп, өңір тарихында өзіндік дара таңбасы өрнектеліп қалары табиғи заңдылық дер едім.
Бұқараға белгілі, аймақ басшысының қолдауымен өндірісті өңірде қолға алынған айшықты жобаларды нақты іске асыруда осыдан екі жыл бұрын ауданға әкім болып тағайындалған Мұрат Тілеуімбетовтың аз ғана уақыт ішінде аудан өміріне айтарлықтай жаңашылдықтар ендірген жемісті еңбегі жалпақ жұртшылықтан үлкен қолдау тауып, көп көңілінде жағымды имиджімен сақталып қалғанын айту орынды. Қоғам тынысын дөп басып, кез келген саланың жұмысын өрге бастыруда өнегелі қалыптан танбай, тығырықтан жол таба білер қабілетінің орынды бағаланғаны болар, ендігі ретте Мұрат Жолкелдіұлына облыстық мәслихаттың төрағасы ретінде жиі жолымыз түссе ол да жарасып тұр.
Қазір жасымыз жетпістен асты, өзіміз де осы өңірдің өсіп-өркендеуіне хал-қадірімізше үлесімізді қосқан жандармыз. Біріміз ауданның құрылыс саласын, біріміз қаржы саласын басқарып, жауапты да сын сәттердің талайын бастан кештік. Нешеме басшылармен тізе қосып еңбек еткенде ел мүддесін бәрінен биік қойдық.
Әрбір басшының ұстанымы, мінез-қалыбы, елмен етене тіл табыса білу тәсіл-тәжірибесі әр қилы, сайып келгенде, ел басқару өнері тарпаң төрешілдіктен гөрі көп жүрегінен төте жол тапқан сенім мен ниеттестікке сүйенгенде ойға алған ісің алға басып, кемел мақсатқа қол жеткізуге болады. Міне, Мұрат ініміздің бойынан біз ең бастысы осындай қадір-қасиетін танып сүйсіндік.
Бүгінгідей еңбегіміздің зейнетін көрер қариялық жаста қоғам өмірінен қол үзбей, біріміз ауданның, біріміз кент ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аудан басшысымен бір қатарда елдік мәселелерде жиі тоқайласып, жанынан табылу міндеттілік себепті қажет еткен жерде кеңесімізді беріп, сапарда серік, жанына еріп ел тынысын түгел көзден өткіздік десек те болады. Халықпен кездесулерде атқарған істер мен алдағы міндеттер туралы ағынан жарылып есеп берген аудан әкімінің боямасыз болмысынан ұққанымыз, баламен баланың тілінде, елдің қарияларымен дананың тілінде сөз саптап, күні бұрын көңілге зерделеген жергілікті мәселелерді жіліктей шағып, жіпке тізгенде құр жалаң уәде беру емес әлеуметті болатын іске сендіре білетініне көз жетті. Берген сертке болаттай берік тұрып, жауапты мамандарды жұмылдыруының арқасында ауыл¬дардағы түйткілді мәселелер түбегейлі шешімін тапты. Жолдар салыынды. Жел тұрса сөніп қала беретін жарық мәселесін реттеуде кент және елді мекендердегі ескірген электр желілерін жаңарту жедел қолға алынды. Бұл ретте жоғарыдағыдай уақытты ұстап, аяқты тұсайтын жобаларға демеушілерді жұмылдыру арқылы сараптамалар жедел іске асырылды, нақты мемлекеттік қаржыға мезгілінде қол жетіп, қыруар жұмыс қысқа мерзімде нәтижелі шешімін тапты.
Мұрат Тілеуімбетов аудан әкімі болып келген күннен бастап бірінші кезектегі мәселе – балалар серуендейтін, демалатын саябақтың құрылысын салуға кірісті. Құрылыстың негізгі жұмысынан бұрын оның жобалық құжаттамаларын реттеу, сараптамадан өткізу уақытты текке алатынын ескеріп елдік мүддеге екпін беруге елжанды тұлғаларды ынталандырды. Өзі бас болып бас жоспарға тыңнан түрен салып, қатарынан бірнеше құрылыстың тұғыр тіктеуіне тәуекел ету нәтижесінде қиюы табылмай келген көп мәселелердің күрмеуі шешілді. Ауданның әлеуеті жоғарылап жаңа нысандар іске қосылды. Жаңақорған кентінің орталық көшелері түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, кент көркі шырайлана түсті. Жастарға арналған "Құмсағат аллеясы" өзіндік ажарымен менмұндаласа, темір жол вокзалы жанынан саялы демалыс орны жасақталып, субұрқақ орнатылуы орталық алаң тынысын ашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл сыйлап тұр.
Мұрат ініміздің тұсында шешімін тапқан теміржол көпірі құрылысы туралы айтпай кетуге болмайды. Оның жарамсыз тұрғанына қырық жылға жуықтады. Құрылысқа сараптама жасап, қазығын бекемдеу мәселесінде демеуші азаматтардың қолқабысы кәдеге жарап, енді оған қажетті қаржыны табуда, құзырлы орынның есігін қағуға келгенде қариялар жағы да қам қылып, аймақ басшысына өтінішімізді айттық. Көпірдің стратегиялық маңызын жан-жақты саралаудан өткізген облыс әкімінің қолдауымен тиісті қаржы қаралып көпір құрылысы басталды. Енді ар жақтағы он алты елді мекеннің шаруашылық тасымалы, өндіріс орнынан қатынайтын ауыр жүк көліктерінің осы көпір арқылы кентті айналып өтуі ішкі жол сапасының бүлінбеуіне, экологиялық ахуалымыздың сақталуына көл-көсір пайдасын тигізбек.
Екі жыл бойы Жаңақорған ауданы ауыл шаруашылығы саласында «Үздік аудан» атандық. Ал Жаңақорған кенті «Үлгілі елді мекен» конкурсында «Үлгілі аудан орталығы» номинациясын иеленді. Жайылма, Ақүйік, Шалқия, Құттықожа, Қыраш, Ақүйік, елдімекендері көгілдір отынға қосылды. Тұрғын үй кезегінде тұрған 50 отбасы баспанамен қамтылды. Қаратөбе ауылында ескі тозығы жет¬кен медициналық бекеттің орнына жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Мәдениет және спорт саласында жаңа спорт кешендері мен клуб үйлері ел игілігіне табысталды. 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашыл¬ды. Осы ілкімді жұмыстардың барлығын аудан басшысының іскерлік қарым-қабілетінің арқасында жүзеге асқан жарқын жобалар деуімізге әбден болады.
Жаңашылдыққа ұмтылу – өткеннің бәрін құрдымға теңеп, күресінге тастау емес. Құм арасынан алтын ажыратқандай құндылықтарды танып, маңдайға басу ұлт тәрбиесінің уызына жарыған көшелі азаматқа ғана тән қасиет. Осыны жетік меңгерген Мұрат ініміздің көп алдында талқыға түскен қандай тақырыпта болсын бой-басыңды елжіретіп, рухыңды жанып түсер салмақты сөз саптауымен басы артық сауал, бостекі пікірге орын қалдырмайтын шешендік қабілеті өз алдына, асыл мен жасықты көңілмен екшеп, әркімге де сый-құрметін әділ еншілете білер кісі танығыштығы табиғаттың тағы бір тегін тартуы сынды.
Ол аудандағы жігерлі жастарға көп арқа сүйеді. Сенім арқалатты. “Жаңарған Жаңақорған жаста-ры” қоғамдық бірлестігінің жарқын бастамаларына қолдау танытып отырды.
“Құрметтеуге лайықты жан” жобасы аясында ел ішінде еленбей келген қарапайым еңбек адамдарының еңсесін тіктеп, көп алдында лайықты бағасын алуына шынайы қамқорлығын танытты.
Ең ауыр жұмысты ең адал адамға жүктеу керек. Осындай принципке жүгінген басшы қолынан іс келетін, өз міндетін тиянақты атқаратын, кәсібіне құрметпен қарайтын жандардан қамқорлығын аямады. Міндетті жұмысында мін арқалап, бей-жай жүруден қысылмайтын жайбасарлардың жонынан таспа тіліп, тап-тұйнақтай қалыпқа түсіруде тегеурінді талап қойып, төмпештеуден де кері тұрмағаны рас. Көптің алдында талқыға түсіп, «жұмысыңды білмейсің, кетесің орныңнан» деген басшының қахарына ілінген талайдың ұнжырғасы түскен ұсқынсыз халіне шынымен жан ашып, шырылдап ара түспесек те мігірсіз талапқа іштей мін таққан кезіміз де болды. Бірақ бізден де бұрын қарауындағылардың жайына жетік үлкен жүрек иесі өндір жасты, өмір талабына ширықтырғаны болмаса солардың бірде-бірін қиянатқа қимады, бірде-бірін орнынан алып, орынсыз жаза арқалатқан жоқ. Есесіне есебіне бекем, ерік-жігері мол, бой-басы жинақы мемлекеттік қызметшілер корпусын тас-түйін тәрбиелеп шығарды деп айтуға болады.
Іс басында жүрген лауазымды тұлға болсын, қарапайым еңбек адамы болсын ішкі мәдениеттің тереңдігі әманда мәмілегерлік пен мәртебеге жол ашады. Адами ізгі қасиеттерді асқақ тұтқан абырой иесінің алдағы қызметіне де жеміс тілейміз.
Өмірсерік ТАҚЫРБАСОВ,
Серқожа ЫДЫРЫСОВ,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматтары