Kyzylorda-news.kz. Бұрын жұрт «Қызмет – қолдың кірі» деуші еді. Мақал-мәтелдердің заманына қарай өзгеріп жатқанындай, бүгінгі қызмет – құрмет, мәртебе.
Әсіресе, мемлекеттік қызмет атқарушылар, сондай-ақ халық қалаулысы атанып жүрген жергілікті мәслихат депутаттары халықтың қайнар бұлағы саналады. Ел-жұрт олардан жылы сөз, қамқорлық, отбасы төмендер қайырымдылық күтеді. Ал Мемлекет басшысының облыс, аудан, ауылдық округтердегі өкілдері елдің қадірлісі ретінде санамызда жатталған. Сол үшін де біз оларды тыңдап, айтқан тапсырмаларын орындап отыруға тиіспіз.
Жақында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аудан активімен жиналыс өткізіп, өңіріміздің жақсы жұмыстарына тоқталып, қала берді олқылықтарымызды да ортаға салды. Әңгіме мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аудан көлемінде іске асырылуы жайлы болғандықтан, ауылдық округ әкімдерінің жауапкершілігі сұралды. Сондай-ақ елді мекендерде қылмыс санының артуы, негізінен мал ұрлығы, ондағы учаскелік инспекторлардың жауаптылығы атап өтілді.
Облыс әкімінің елді мекендердің дамуы үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті пайдалана алмай отырған ауыл әкімдеріне айтқан сыны біздің де жанымызға батты.
Аймақ басшысы тоқетерін айтты. «Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға арамызда орын жоқ» деді. Ардагерлермен болған кездесуде «Бұған дейін аудан әкімі сырттан келеді. «Кілең жаңақорғандықтар» дейтін едіңіздер. Ал қазір әкімдеріңіз шиелілік. Егер оған қолдау, көмек бермесеңіздер, онда қайтадан жаңақорғандық әкім алып келеміз» деп намысымызды жануының өзі де аудан ардагерлеріне ауыр тиді деп ойлаймын. Аудан әкімінің игілікті істерін қолдап та, жазып та келеміз. «Сын айтылмай, мін түзелмейді» деп бекер айтылмаған екен. Аймақ басшысының орынды, дұрыс тапсырмасы орындалуға жатады.
«Ауылдың гүлденуі – еліміздің гүлденуі» десек, ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар өздері қызмет ететін ауылдарға көшіп барып, сол ауылын гүлдендіруге үлестерін қосқаны абзал. Бұл жерден Шиеліден ауылдарға қатынап жұмыс істеп жүрген ауыл әкімдері жайлы әңгіме болған еді. Елді мекендердегі ауылдың ардагерлер кеңесі, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес, ауылдағы әйелдер кеңестері айтылған сыннан қорытынды жасауға ұмтылғанымыз дұрыс.
«Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген де сол замандағы әкім секілді билердің бірі шығар. Кім болсақ та елге жанашырлық танытуымыз керек. Сіз қалай ойлайсыз?