Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызметші – билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы, өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі қажет. Заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүріп, кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай, әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстауға тәрбиелеу керек. Басшылық жасамас бұрын, бағына білуді үйренуі, өз қызметкерлерінен талап етіп отырғанын өзі орындай отыра, құқыққа қарсы әрекеттер көрсе, бей-жәй қалмауы тиіс.
Жуырда денсаулық сақтау саласы мамандарының төл мерекесі болса, енді міне, мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өттік. Биыл да мереке қарсаңында аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Үш саланың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.– Мемлекеттік қызметші мен қоғамдағы тәртіп сақшысының міндеттері сабақтас. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкер мен полиция – мемлекеттік аппараттың жұмысын алға жылжытушы кадр және мемлекеттік биліктің оң имиджін қалыптастырушы бірден-бір тұлға. Полиция қызметкері болу әр азаматты өжет, қайсар етіп тәрбиелесе, мемлекеттік қызметші болу адал жолда жүруді талап етеді. Ал ақхалатты абзал жандардың қауырт жұмысы, бұл – ерекше алғыс ай¬тар жауапты қызмет. Бүгінде медицина саласының мамандары адам жанының арашасы болса, мемлекеттік қызметте жүрген әр азамат елдің дамуына қызмет етсе, ішкі істер орган-дары қызметкерлері де биік белестерді бағындырып, өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарып келеді. Сондықтан сіздерді кәсіби мерекелеріңіз медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді өңір басшысы.
Мұнан соң аудан әкімі ішкі істер саласының ардагері, сала майталманы, ауданның әлеуметтік-экономикалық және құқықтық дамуына ерекше үлес қосқан Базарбай Ержановқа, облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Балжан Шәменованы Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Мұнан соң сахна төріне өз саласында елеулі еңбек етіп, оң нәтиже көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері шақырылып, облыс, аудан әкімінің «Құрмет» грамотасы, Құттықтау хаты мен алғыс хаты табысталса, «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері» төсбелгісімен ішкі істер саласының ардагері Нұғыман Аманов, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен сала ардагері Бақытбек Есжанов марапатталды. Мәдениет үйіндегі салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік-кон-церттік бағдарламасына ұласты.
