Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы» деп атап өтті.  

Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін назарға салып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп айтуға болады» дей келе, әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеремін деген ниеті болса, ол өз мақсатына жететіндігін алға тартты.

Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын, шетел жазушыларының таңдаулы туындыларын аударып, таратуды тапсырды.

Бүгінгі Президентіміздің мақаласында айтылған осындай мағыналы ойлар жастарды ғылым-білім, тіл үйренуге шақырып, көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятуға жетелейді.

Өз басым білімге, қазақ тілін білуге деген құштарлығымның арқасында  ұлан-ғайыр даланың тереңнен тартқан тарихына бойлап, қаншама толымды туынды, жыр маржанымен сусындап өстім. Дархан даланың данасы Абай өлеңдеріне деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың берер өнегесін бойыма сіңіріп келемін.  Қазіргі күні Ұлы ақынның тәрбиелік арнаның қайнар көзі жатқан 200-ге жуық өлеңі мен бір поэмасын жатқа білемін. Бүгінгі таңда тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап, болашақта қазақ тілін жас ұрпаққа үйретсем деген ниетім бар.

Елена Пак,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университеті

«Филология» факультетінің 3 курс студенті,

«Абай қазынасына саяхат» клубының үйлестірушісі.

Тағы да оқыңыз: