Kyzylorda-news.kz.  Биылғы жылы Сырдария ауданының бірнеше елді-мекенінде электр желілерін толықтай ауыстыру жұмыстары басталғаны белгілі. Жыл сайын ауыл тұрғындары тарапынан электр желілерінің тозуына байланысты айтылатын сын ескертпелеріне байланысты, бүгінде тиісті қаржы көздері қарастырылып, ауқымды жұмыс қарқынды жүргізілуде.

Жақында аудандық мәслихат депутаты Нұрман Абдрасилов Аманкелді ауылындағы электр желілерін толықтай ауыстыру жұмыстарына партиялық бақылау жасау мақсатында "Универсал Строй-Сервис" ЖШС-ның жұмыс барысымен танысты.  

Аманкелді ауылында мердігер серіктестігі электр желілерін толықтай ауыстыру жұмыстарын бірнеше күннен бері жүргізіп келеді. Осыған орай ауыл тұрғындары мен ақсақалдары атқарылып жатқан жұмыстардың барысына байланысты ескертулер беріп, бірнеше ұсыныстар түсірген.

Осы мәселеге орай партиялық бақылауға мердігер мекеменің өкілдері, техникалық байқаушы және ауыл тұрғындары қатысып, түсіндірме жұмыстары жасалды. Ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін ауқымды жұмыс аяқталғанша аталған жұмыс партия бақылауында болатыны ескертілді.

 Биылғы жылы Аманкелді ауылынан ауыл тұрғындары маған сенім білдіріп, депутат етіп сайлады. Мандатқа ие болғаннан соң сайлауалды бағдарлама бойынша атқарылатын жұмыстардың тізбегіне жоспар жасадым. Бүгін Аманкелді ауылында жүргізіліп жатқан электр желілерін ауыстыру жұмыстарының барысымен таныстым. Тиісті мердігер мекеменің жауапты мамандарымен жұмыстың сапасын тексердік. Қарапайым ғана мысал, жаңадан орнатылған бірнеше электр бағаналары бос тұр, түбіндегі топырағына нығыздау жұмыстары жүргізілмеген. Біздің аймақтың ауа райы қандай болатыны белгілі. Қатты соққан жел мен жауында жаңадан салынған бағаналар теңселіп, құлап қалуы мүмкін. Сондықтан осы және тағы да басқа кемшіліктерге ескерту жасадық. Алдағы уақытта "Универсал Строй-Сервис" ЖШС-нің мамандары кемшілікті жойып, қалыпқа келтіретіндіктерін айтты, – дейді аудандық мәслихат депутаты Нұрман Абдрасилов.

Айту керек, мердігер мекеме басшылығы ауылда басталған ауқымды жұмыс үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін сапалы және мерзімінде аяқталатынын жеткізді.
 

Тағы да оқыңыз: