Kyzylorda-news.kz Электр энергиясының құны қымбаттаған жоқ. 2025 жылы тариф өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек мәлімдеді.
– Аймақ тұрғындарын энергиямен жабдықтаушы «Энергосервис» ЕЖШС, «Шиелі жарығы» ЖШС және «Даулетэнерго» ЖШС ұйымдары өздерінің қызметін тоқтатып, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қызмет түрі «ҚЭТТК» АҚ-ға өткізілді. 2024 жылдың 18 желтоқсанындағы лицензия негізінде энергиямен жабдықтау қызметін «ҚЭТТК» АҚ жүзеге асыруда. 2025 жылдың ақпан айына дейін Қызылорда қаласында «Энергосервис» ЕЖШС тарапынан электрэнергиясын тұтыну көрсеткіші бойынша есеп жүргізілуде. Халыққа ұсынылған есеп тариф бағасының көтерілу салдарынан емес, тұтыну көрсеткішінің қабылдау уақытының ұзаруынан көбейген. Бұрын жарық тұтыну көрсеткіші ай сайын тұрақты 30 күнге есептелетін. Өткен жылдың соңында 45 күнге есептелген. Яғни, тұтынушыдан соңғы көрсеткіш 15 қарашада алынса, аталған мекеменің жабылуына байланысты одан кейін желтоқсан айының соңына дейін есебі алынған. Алдағы уақытта мұндай болмайды. Бүгінде 1 қаңтардан бастап тұтыну көрсеткіші алынды, бұрыңғыдай пайдаланған жарық үшін ғана төлем төленеді. Сараланған тариф деңгейі осы уақытқа дейін интернет желісінде ашық көрсетілген, сонымен қатар халық арасында БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - дейді Тахир Қуанышбекұлы.
Қазіргі таңда Қызылорда облысының 1 күндік электр энергиясының тұтыну көлемі 210 МВт құрайды. Оның 85,21 МВт Қызылорда қаласына тиесілі.
-Жеке тұлғалар үшін тұтынған электр энергиясына 1 кВт - 22,02 теңге болып, 2024 жылдың 15 тамызында бекітілген. 2025 жылдың қаңтар айында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бекітілген тарифтер негізінде, «ҚЭТТК» АҚ тарапынан тарифтері бекітіліп, өзгеріссіз қалдырылды. Оңтүстік өңірлерде тариф құны шамалас. Ақтөбе, Атырау облыстарына қарағанда біздің өңірде төмен, - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов.
Фото: Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі