Kyzylorda-news.kz Биыл Қазалы ауданында тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында бірқатар жобалар қолға алынып жүзеге асуда. Соның бірі - Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы жаңадан ашылған кварталдардағы нысандар мен тұрғын үйлерге керекті электр энергиясының қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылысы.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев Әйтеке би кентінің оңтүстік батыс беткейіндегі басталып жатқан қосалқы стансасының құрылыс жұмыстарын көріп, мердігерлермен кездесті. Жалғас Оңғарұлы мердігер мекеме «Энергомера» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бекетай Мұқашовқа аталған жобаның кент пен қала аралығындағы тұрғындарды электр энергиясымен қамтуда маңызы жоғары екенін айтып, жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуына жұмыс жасау керектігін айтты.
Қазіргі таңда қосқалқы стансасының құрылысына тиісті материалдар жеткізілген. Сондай-ақ жер қазу жұмыстары толықтай аяқталып, фундаменттік блоктары орнатылды. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 40 пайызы орындалды.
Айта кетейік, бұдан бөлек биыл аудан тұрғындарын электр энергиясымен қамту бойынша Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының электр желілерін жаңартуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін аудан бойынша тозығы жеткен желілерді 62,5 пайыздан 58 пайызға төмендетуді жоспарланып отыр.
Сонымен қатар биыл ауданға қарасты Түктібаев, Бозкөл, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Жанкент, Абай ауылдарының жеке тұрғын үй секторын электрмен жабдықтау үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржы бөлу мақсатында тиісті Министрлікке жолданды.