Kyzylorda-news.kz Халықтың күнделікті тұрмысында жарық пен жылу төлемі әжептәуір мәселеге айналды. Әсіресе биылғы коммуналдық қызметтер құнының күрт өсуі жұрттың қалтасына ғана емес, жүйкесіне де салмақ салып тұрғандай.

Тарифтердің кезең-кезеңімен көтерілуі – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбының бірі. Халықтың табысы айтарлықтай өзгермей тұрған шақта жарық пен жылудың қымбаттауы қарапайым отбасыларға ғана емес, кәсіпкерлерге, әлеуметтік нысандарға, ауыл-аймақтарға да елеулі салмақ салып отыр. «Тариф өссе – сапа арта ма?», «Қымбаттату қандай негізге сүйенеді?», «Халық есебінен саланың шығынын жапқан дұрыс па?» деген сынды көптің көкейінде қордаланған сауалға жан-жақты жауап іздеп, тиісті азаматтардың пікірін тыңдап көрдік. Жаңақорған аудандық электр торабының басшысы Ізбасхан Әбілтанов тарифтердің қымбаттауының нақты себептеріне тоқталды.

– 2025 жылдың 23 шілдесінен бастап электр энергиясының тұтыну тарифінің шекті бағасы 31,696 теңге/кВт. Жеке тұлғалар үшін шекті баға – 28,5264 теңге/кВт. Жеке тұлғалар үшін орташа босату тарифі 28,5264 теңге болып отыр. Бұған дейін шекті баға 25,9056 теңге/кВт. Ал, жеке тұлғалар үшін шекті баға 25,9056 теңге/кВт еді. Тұрғындар тек тұтынған электр энергиясы үшін төлеуге міндетті. Егер бір айда төлем тым көбейіп кетсе, алдымен есептегіш көрсеткішті салыстырып, түбіртекті тексеру қажет. Қыс мезгілінде жарықтың көп жұмсалуы табиғи нәрсе: таңның кеш атуы, ерте қараңғылық, жылыту құрылғыларын жиі қолдану – бәрі тұтынуды арттырады. Сондықтан халық үнемдеуге де дағдылануы тиіс, – дейді ол.

Демек, мәселенің бір ұшы – халықтың коммуналдық есепті дұрыс жүргізбеуінен туындауы мүмкін. Ал электр энергиясын үнемдеу дегеніміз тек ақша үнемдеу емес, ресурсты тиімді пайдалану мәдениеті. Мамандардың айтуынша, көпшілік артық жарықты, қуат көзі көп қажет ететін құрылғыларды жүйесіз қолданады. Жарықты артық жақпау, қуатты құрылғыларды минималды қолдану, лампаларды экономикалық түрлеріне ауыстыру, үйдегі электр желісін тексертіп тұру керектігін мамандар баса айтты. Егер осы ескертпелерді тұрмыста іске асырсақ, ай сайынғы төлемді 15-25 пайызға дейін азайтуға болады екен.

Газ бағасы да едәуір өсті. Бұл жөнінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ ҚӨФ Жаңақорған газ шаруашылығы директоры Сұлтан Сәрсеновтен білген едік.

– Бүгінгі күнге дейін өңірімізде 7967 абонент бар. Биыл газ бағасы 24,2 тиын болып белгіленді. Өзге облыстарға қарағанда едәуір арзан деуге болады. Қазіргі уақытта 800 абоненттен 12 962 832 теңге қарыз қордаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайып отыр. Қарызы бар әрбір тұрғынның үйіне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертіп жатырмыз. Ал одан нәтиже шықпаған жағдайда газдан ажыратуға тура келеді. Сондықтан тұрғындар берешегін толық өтесе деген өтінішіміз бар, – дейді ол.

Кент тұрғыны, көпбалалы әке Оңдас Асановтың да өз айтары бар.

– Айына 10-12 мың теңге жарыққа, 16-18 мың теңге газға төлейміз. Кейде бұдан да жоғары болып кетеді. Сонда айына 25-30 мың теңге тек коммуналдық төлемдерге жұмсап отырмыз ғой. Бұл нарық заманында бір отбасына үлкен шығын, ауыртпалық деп есептеймін. Жауапты сала мамандары халықтың үніне құлақ асса жақсы болар еді, – деп көңілінде қатталған мұң-мұқтажын жасырып қалмады.

Расымен де, қымбатшылық қамытын кигелі біраз болды. Кедейшілік – ел экономикасын кері тартатын кесел. Осындай отбасыларды кедейшілік құрсауынан алып шығуға нақты бағдарланған бағдарламалар мен көмек арқасында бүгінде Еуро одақтың 11 елінде кедейшілік жоқ. Басқа еуропалық елдерде кедейшілік көрсеткіші 1-3 процент қана. Бізге оларды өзімізбен салыстырудың қажеті жоқ. Өйткені, бізде алатын айлығы ішер асынан артылмайтын отбасылар көп. Бізде өзге елдермен салыстырғанда ұялы байланыс қызметін тұтынудың бағасы қымбаттап кеткені жасырын емес. Қазір кемінде бір айға 5990-12000 мың теңгелік болып өзгеріп кеткен. Тіпті одан да жоғарылары бар, қалауыңызға қарай. Осындай бағаның өсуіне қарапайым халықтан бөлек, шенеуніктердің де өкпесі қара қазандай. Еліміздегі ұялы байланыс оперторларының ауыз толтырып айтатын интернет қызметі жылдамдығының тым әлсіздігі, ғаламторға емін-еркін кіру мүмкіндігі жоқтығын да айта кеткен жөн. Халыққа адал, сапалы қызметтен бұрын тарифті қымбаттауға әуес ұялы байланыс операторларының қызметі жақсартуды жауапты мамандар қолға алуы керек-ақ. Бұған қатысты Мәжіліс депутаттарының біразы ұялы телефонның бағасына, желі ішіндегі сөйлесу сапасының әлсіздігіне сын айтып жүргелі біраз болды. Міне, осындай әрекеттері арқылы санаулы адамдар байлыққа кенеліп отырса, қарапайым халықтың қалтасы жұқарып барады. Жалпы алғанда коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттауының бір көрінісі – осы.

ТҮЙІН. Жарық пен жылу – жай ғана қызмет емес, халықтың өмір сүру сапасын анықтайтын негізгі фактор. Тарифтің өсуі – қарапайым адамға салмағы ауыр, мемлекет үшін де жауапкершілігі зор қадам. Қоғам үшін ең маңыздысы – бағаның өсуіне дәлел, ашықтық және сапаның артуы. Елдің ертеңі үшін энергетика саласы дамуы керек, бірақ оның құнын халықтың мойнына толық іліп қою – әділдікке жатпайды. Тариф мәселесі халықтың тұрмысын емес, жағдайын жақсартуға жұмыс істеуі тиіс. Қымбаттаған жарық пен жылу – халықтың үніне құлақ асуды талап ететін әлеуметтік дабыл десек артық емес.

Асел РЗАЕВА

Фото: freepik.com

Тағы да оқыңыз: