Kyzylorda-news.kz. Америка құрама штатының Нью-Йорк қаласында аяқ-киім фабрикасында әйелдер 1857 жылы ереуілге шыққандығы жайлы тарихта жазылды. Олар жұмысшы ер азаматтармен тең құқық, бірдей жалақы алуды талап еткен. Арада 13 жыл өткен соң Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II-халықаралық конференция өтеді. Сонда социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі жөнінде мінберге шыққанда нық айтқан болатын. Оның бұл батыл ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданды. Бірақ мұның қоғам дамуының тенденциясы мен демографияны тежеуші фактор екенін аңғарғандар аз болды.
Ал Домалақ ананың ізінен ерген қазақ әйелдері өзіне лайық құрметке бағзы заманнан-ақ бөленіп келеді. Еріне бойұсынып, рухани демеу көрсететін, қазақ балаларының бәріне мейіріммен қарап, тәлімді тәрбие беріп жүрген ақжаулықтылар әлі де көптеп кездеседі. Сондықтан қазақ демографиясында соңғы он жылдағы бала өсімі де көңіл қуантарлықтай. Мереке алдында нәзікжандылардың басты мақсат-мүддесі – Ана бақытына ұмтылысы қандай деген сауал төңірегінде өздігімізше сараптауға тырыстық.
Оң нәтижелі табиғи өсім
Жаңа туған сәби мен келесі бір тоқтаған өмірдің арасындағы алшақтық демографиялық көрсеткішті құрайтыны белгілі. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстан халқының саны өткен айдың басында 19 миллион 848 мың адамнан асты.
Биыл Қазақстан халқы 302 760 адамға өсті. Халықтың табиғи өсімі оң нәтижені көрсетеді. Бір жыл ішінде шамамен 439 384 бала дүниеге келіп, 173 369 адам көз жұмған. «Countrymeters» сайтының сараптамасына сенсек, әйелдер ерлерден миллион адамға жуық көп. Қоян жылы басталғалы күн сайын 1200 сәби дүние есігін ашса, шамамен 475 отандасымыз бақилыққа аттанып жатыр. Сондай-ақ елге жүздеген адам уақытша немесе біржола көшіп келеді. Жалпы туу көрсеткіші бойынша Алматы облысының әйелдері көш бастап тұр. Сонымен бірге сәбилі болуға асыққан астаналықтардың да үлесі басым. Көп баланы қаламайтындардың көшін Солтүстік Қазақстан өңірі бастайды. Мұндағы халық саны былтыр 5 мың адамға кеміген. Мұнымен қоса, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының демографиялық көрсеткіші көңілді көншітпейді. Мұның негізгі себебі еуропалық стилде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің басымдығының әсері екені даусыз.
Былтыр еліміз бойынша 128 мың шаңырақ бой көтерген. Салыстырсақ, өткен жылы көршілес Ресейде 41 мың ғана неке қиылған.
Сауаттылық өмір деңгейін жақсартады
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген хәкім Абайдың сөзі маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Қазақтың тегінде бар тектілік, мұқалмас мінез бен жаннан қымбат ардың әр қандасымызда бары анық. Бірақ тарихи факторлардың әсерінен білім жинау жағынан Батыстан кешеуілдеп келе жатқанымызды жасыру қиын. Есесіне, оларды қуып жетуге деген ұмтылыс зор. Қазақстанда 15 жастан асқан 15 298 841 адам ана тілінде оқи және жаза алады. Бұл жалпы ересек халықтың 99,7 процентін құрап тұр. Осы жағдайда ересек популяция 15 жастан асқан барлық адамдарға жатады. Сәйкесінше, 32090-ға жуық адам әлі де сауаты жоқ десек қателеспейміз. Сарапшылардың зертеуінше, ерлер мен әйелдердің сауаттылық деңгейінде пәлендей айырмашылық жоқ. Дегенмен жастар арасында нәзікжандылардың үйретері сәл де болса басым деген болжам бар. Ал жастардың жалпы сауаттылық деңгейі 99,84 процентті көрсетуде. Бар гәп – 15 пен 24 жас аралығындағы халықты қамтуы.
Демографтар бала туу көрсеткішіне алаңдаулы
Көпбалалы отбасы – қазақ дүниетанымы үшін қалыпты жағдай. Елең еткізері, соңғы уақытта мүсін сақтағыш, мансап қуғыш, бір-екі баланы жеткізуді алдымен ойлайтын нәзікжандылар қатары күн санап артуда. Бірақ әлі де болса бір шаңырақта 10-15 баланы дүниеге әкеліп жүрген батыр аналардың мерейі үстем, абыройы асқақ болып қала береді. Қазақстанда төртеуден көп бала тәрбиелеп отырған 500 мыңға жуық отбасы бар. Мұндай отбасыға бала 18 жасқа толғанға дейін, жоғарғы оқу орнында білім алса, 23 жасқа дейін жәрдемақы төлейді. Төрт бала саны үшін төлем сомасы – 47 мың теңгеден басталады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындағаны белгілі. Десек те, демографтар алдағы уақытта бала туу көрсеткіші күрт төмендейтініне алдын ала болжам жасап, айрықша алаңдаулы.
«Алдағы уақытта белсенді туу жасындағы аналар мен әкелердің саны азая бастайды. Мысалы, 1998, 1999 жылдардағы қиын экономикалық дағдарыс кезеңінде баланың ең аз туу саны белгіленген. Сол ең аз туған жылғы балалардың жасы қазір 23- 25-те. Олардың саны оның алдыңғы жылдармен салыстырғанда аздау. Сондықтан алдағы уақытта туу да азаяды», – дейді Бәтжан Ақмолдина.
Маманның айтуынша, бала туу көрсеткішінің төмендеуіне Қазақстандағы некені қию жасының ұлғаюы да себеп.
Репродуктивті жастардың туу белсенділігі бұрын 21-22 жаста болса, қазір 24-25 жаспен өлшенеді.
«Үшінші – экономикалық жағдай. 1999 жылғы бала туу санының аз болуына экономикалық дағдарыс әсерін тигізді. Осы сынды бүгінгідей экономикалық дағдарысқа байланысты бұрынғы жағдай ептеп қайталануы мүмкін. Қазір де инфляция жоғары, халықтың әл-ауқаты төмендеп, нақты табысы күннен-күнге азайып барады. Осыған байланысты отбасылардың екінші, үшінші немесе кейінгі баланы сүю жоспары кейінге қалдырылады. Мәселен, қазір үйленгеннен кейін көбі көп ұзамай балалы болады. Екінші баланы да арасында 1,5 жыл, не болмаса 3 жыл салып жоспарлайды. Ал үшінші баланы туу ол отбасыларда да экономикалық және әртүрлі әлеуметтік төлемге байланысты кейінге қалдырылады», – деді демограф.
