Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында әлеуметтік нысандардан бөлек, инфрақұрылым жүйесі жаңғырып, жаңа жобалар жүзеге аса бастады. Солардың бірі – газдандыру. Жаңақорған ауданының халқы 2015 жылдан бері көгілдір отынды тұтынып келсе, енді араға 7 жыл салып,өңірге қарасты ауылдар да газ игілігін көре бастады.

Ауданды газдандыру жұмысы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан тарту арқылы жүргізілген. Жалпы, Жаңақорған кентін газдандыру құрылысына 3 млрд. 48 млн. 465 мың теңге қарастырылған. Кенттегі 5300 үйді газдандыру үшін ұзындығы 283 шақырымға құбыр қазылған. Сондай-ақ, кентішілік екі дана газ тарату пункті мен 27 шкафтік газ тарату пункті орнатылған. 

Ал, аудан орталығынан басқа да елді мекендердегі халықтың өмір мен тұрмыс жағдайын, сондай-ақ, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және газдандыру саясатын жүргізу мақсатында жобалар әзірленіпті. Осы ретте, аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың бастамасымен биыл Қыраш пен Бірлік ауылына газ қосылатын болады. 

«Әрине, қуаныштымыз. Бұл үлкен жаңалық болды, ауылдар арасынан бірінші болып газ тұтынамыз деп еш ойламаппыз. Бүгінгі өркениет пен ілгерілеу заманы осыны талап етуде. Осы үдерістен шығып, ел игілігі жолында жұмылып жүрген аудан басшысы бастаған азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді елді мекен тұрғыны Батырхан ақсақал. 

Сонымен қатар, Ақүйік пен Қыраш ауылдық округінің тұрғындары да көгілдір отын жылуын сезініп отыр. Ал, келер жылы Шалқия, Құттықожа, Жайылма, Кейден және Төменарық елді мекеніне газдандыру үшін 3,5 млрд теңге қаржы бөлініп тұр. 

«Біз келер жылы Шиеліден Төменарыққа газ құбырын тартамыз. Оның қаржысы қомақты, сондықтан сапалы жұмысты жүйелейміз. Сол арқылы жол бойындағы Екпінді, Еңбек, Сунақата, Сүттіқұдық және Қожамберді ауылдары да газға қосылуға мүмкіндік алады. Содан кейін, Қыркеңсе, Жаңарық, М.Нәлібаев және Өзгент ауылына бет бұрамыз. Айналып келгенде 2-3 жылдың ішінде Төменарық аймағын толықтай, тау беткейі мен Сырдың бойын бойлаған ауылдардың тең жартысын газдандырамыз. Егер мүмкіндік болып жатса, қалған ауылдарға да газ мәселесін шешуге тырысамыз. Ол уақыттың еншісінде», – деді аудан әкімі.
 

21.jpeg

Тағы да оқыңыз: