Kyzylorda-news.kz. Ғасырға жуық тарихы бар Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылының орталық көшесі жарқырап тұр. Жалпы, Жаңаталапта 3 көше болса, оның барлығына 100 пайыз жарық бағаналары орнатылған. Қос көшенің сапасында мін жоқ. Ал, бір көшеге жәй жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауыл әкімі Қуаныш Әбдіхалықов асфальтталмаған бұл көшенің сапасына алдағы уақытта мән берілетінін айтады. 

137 отбасы орналасқан елді мекен халқының негізгі тыныс-тіршілігі егін және мал шаруашылығына тікелей байланысты. Бұл өңірде басқа да кәсіппен айналысатын азаматтар жоқ дегенді білдірмейді. Негізінен шағын ғана ауыл болғанымен жергілікті халық мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, кәсіп ашуға машықтаныпты. 

Ауылда 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 9 шаруа қожалық және 40-тан аса жеке кәсіпкер бар. Жаңаталапта жыл басынан бері 50 кәсіпкер тіркелсе, бүгінде оның 49-ы жұмыс жасап тұр. Қаңтар айынан бастап мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың бүгінде жергілікті халық жемісін көріп отыр. Жыл басынан бері ауылдағы 3 азамат пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізіп, бүгінде өз ісін өрістетіп келеді. Олар кәсіпкерлікті қолдауға негізделген бағдарламалар арқылы жалпы құны 12,4 млн теңгеге қол жеткізді. 

Мұнан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 жоба 7,4 млн теңгемен қаржыландырылған. Ал, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 1 жоба авторы жалпы құны 5 млн теңгеге ие болса, «Бастау бизнес» жобасы аясында 4 ауыл тұрғыны арнайы кәсіптік білім алған. Бүгінде олардың 3-еуі 600 мың теңгеге жуық қайтарымсыз қаржыға ие болды. Әрине, шағын ғана ауылдың әлеуетін арттыру үшін өңірде бұл саланың серпін алғаны кімге болса да тиімді. Ауыл әкімінің кәсіп ашамын деп талаптанған жерлестерін мейлінше сүйемелдейтіні де сондықтан. 

«Ауызбіршілік пен татулықты ту еткен жерлестерімнің кәсіпке көптеп бет бұрып жатқаны қуантады. Олардың мемлекет қолдауынан құр қалмауы үшін мейлінше сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыра беремін. Себебі мейлі ол ауыл болсын, аудан болсын, кәсіпкерлік саласының дамуы кім-кімге болса да тиімді. Оның үстіне қайтарымсы қаржыға кенелген жерлестеріміз де бар. Олар бүгінде сол қолдаудың арқасында қолға алған жобаларының жемісін көріп отыр. 900-ге жуық халқы бар ауылда әлі де елді мекеннің әлеуетін арттырар жобаларымыз жоқ емес. Бастысы халықтың ауызбіршілігі мығым», – дейді елді мекен басшысы. 

Былтырғы егін науқанында бұл ауылда су тапшылығы айтарлықтай сезілгенін тек ауыл халқы емес, бәріміз жақсы білеміз. Біреулер аяқсу мәселесін елді мекеннің сағаның соңында орналасқанымен байланыстырса, енді бірі көрші ауылдарда күріш көлемі межеден артық егілетінімен байланыстырды. Қалай дегенмен, науқан кезіндегі аяқсудың тапшылығы барлық ауылда орын алды. Тіпті, мамандар келер жылы су мәселесі күрделене түсетінін айтып отыр. Бұл сағаның соңында орналасқан елді мекендер үшін үлкен қиындық тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан науқан барысында егісті әртараптандыруға басымдық берген жөн. Жаз бойы аяқсудың әлегі аудан халқын әбігерге салды. Десе де, жергілікті диқандардың табанды еңбегінің арқасында межелеген өнім қамбаға құйылды. Жаңаталаптық диқандары да бұл қиыншылықты еңсеріп, ойдағыдан жоғары өнім жиды.

Биыл ауылдың жергілікті шаруашылықтары барлығы 600 гектар алқапқа күріш тұқымын сепкен. 90 күндік күтімді қажет ететін күріштен диқандар әр гектардан 60 центнерден өнім алды. Нәтижесінде, қамбаға 32 100 центнер астық құйылды. Мұнан бөлек, 115 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 200 гектарға жуық ескі жоңышқа күтімге алынды. 

Ауыл әкімі жергілікті шаруашылықтар қайырымдылық шараларынан да шет қалмайтынын айтады. Олар жергілікті халыққа қол ұшын созумен қатар әлеуметтік нысандардың да сапасына көптеп көңіл бөлетін көрінеді. Мәселен, осыған дейін Жаңаталаптағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов ауылдағы әкімдік ғимаратының қоршауын жаңалапты. Халық қалаулысы мұнан бөлек, жағдайы төмен көпбалалы отбасыларды қатты отынмен де қамтамасыз еткен. 

Жаңаталапта аяқсудан айтарлықтай мәселе болғанымен жарық пен ауыз суға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Себебі ауылдағы барлық жарық бағаналары 100 пайыз жаңартылыпты. Елді мекенді жарықпен қамтамасыз ететін 4 КТП аппараты да былтыр ауыстырылған. Ал ауыз суға келсек, жергілікті халықтың барлығы үй-үйге су есептегіш құралын орнатып алған. Мұның тиімділігін қазіргі таңда жаңаталаптықтар көріп отыр. Себебі олар бұрынғыдай жан басына су ақысын төлегеннен тек пайдаланған суға ғана пұл берген жөн екенін түйсігімен түсінген. Ал ауыз су ауылда тәулік бойы үзілмейді екен. 

Жаңаталаптағы ауыл мектебінде бүгінде 180-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Былтыр мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан оқушылардың барлығы 100 пайыз мемлекеттік грантпен оқуға түсіпті. Демек, ауыл мектебінде білім сапасы жоғары деген сөз. Мұндағы ұлағатты ұстаздар келер жылы да ҰБТ-да шәкірттеріне үлкен сенім артып отырғанын айтады. Ауылдық клубта жұмыс жасайтын бірнеше үйірмелердің де қатысушы жастары көп. Жаңаталаптағы мәдениет үйінің үйірмелеріне қатысушы жастардың осыған дейін республикалық, облыстық, аудандық деңгейде өткен 17 байқаудан 10 жүлделі орынға ие болған. 

Салауатты өмір салтын ұстанушыларға да Жаңаталапта еш кедергі жоқ. Елді мекенде қазіргі таңда «Футбол», «Дзюдо» «Кикбокс» үйірмелері жұмыс жасап тұр. Мұндағы бапкерлердің тәжірибелі екенінің дәлелі болса керек, бүгінде ауыл жастары түрлі спорттық сайыстарда топ жаруды дәстүрге айналдырған. Бұл сөзімізге жоғарыда айтып өткен үйірмелерге қатысушылардың дүбірлі додаларда топ жарғаны дәлел болары сөзсіз. 
 

WhatsApp Image 2022-12-01 at 12.47.02.jpg

2.jpg

1.jpg

Тағы да оқыңыз: