Ел тыныштығына ұйытқы болған ару – Kyzylorda News
Басты бет

Ел тыныштығына ұйытқы болған ару

05.03.2021, 10:40

31594 0

Kyzylorda-news.kz. 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы айтпақпыз.

Полицияда ерлермен қатар абыроймен қызмет атқарып жүрген әйел полицейлер баршылық. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей. Солардың бірі Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Ақсай полиция бөлімінің анықтау бөлімінің анықтаушысы, полиция аға лейтенанты Айсаулем Қызылқожаева 4 жылдан астам уақыт абыройлы қызмет атқаруда.

 «Отбасымыздағы полиция әулетінің негізін қалаушы менің әкем – Амангелді Медиев. Ол ішкі істер органдарында 25 жыл жұмыс істеген, қазіргі уақытта майор шенінде зейнеткерлікке шығып, қазіргі жастарға тәжірибелі тәлімгер. Анам – Айжан Медиева, зейнеткер. Бос уақытында шығармашылықпен айналысқанды жаны сүйеді»- деді Айсаулем.

Айсәулемнің үлкен ағасы – Ренат Медиев, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 1 – институтының тергеу-жедел жұмысы кафедрасының доценті, әділет кеңесшісі.

Құқық қорғау органдарындағы қызмет туралы, жұмысындағы қиындықтар мен сынақтар туралы осы отбасындағы балалар жақсы біледі. Жас кезінен Ренат пен Айсәулем әкесінің қылмысқа қарсы күрес туралы әңгімелерін тыңдап, оны жұмыстан асыға күтетін.  Есейген шақта олар өз тағдырларын ішкі істер органдарындағы ауыр және қауіпті қызметпен байланыстырды және өмірде басқа жолды елестете де алмады.

 Айсәулемнің оның жұбайы Гамаль Қызылқожаев Қызылорда облысы ТЖД қатарында азаматтық қорғаныс капитаны атағында қызмет атқарады. Айсаулемнің шаңырағы шұғылалы және рухани отбасы, себебі отбасы мүшелері бір-біріне демеу бола біледі. Олар үш әдемі қыз өсіріп, болашақтарынан үлкен үміт күтеді. Үлкендері Самия мен Зейнеп мектеп оқушылары, ал ең кішісі Медина 2 жаста.

  «Мен полиция қызметкерінен басқа қандай маман иесі бола  алатынымды елестете алмаймын. Менің ойымша, бұл мамандық ең маңыздыларының бірі, өйткені біз адамдарға көмектесеміз, қылмыскерлерден қорғаймыз. Мен қиындықтардан қорықпаймын және өз Қазақстанымның игілігі үшін қызмет етуге әрқашан дайынмын. Егер бала кішкентайынан құқық қорғау саласы туралы жетік біліп, көріп өссе онда олар полицейлердің қандай қызмет атқаратындығын ерте түсінеді. Менің отбасым жұмысымның ерекшелігін жақсы біледі, олар үшін бұл қалыпты жағдай. Бұл отбасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді. Отбасы мүшелері жұмысыңды  қолдап, түсіністікпен қарағанда бұл қызметте үлкен сәттілік пен бақыт әкеледі. Менің жұмыс бабындағы абыройым отбасымның тілеуінде деп білемін» – дейді погондағы қыз.

0

Пікір қалдыру