Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара шымылдық түрді.

Сонау 1994 жылғы 7 наурызда «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен жергілікті өкілді органдары депутаттарының сайлауы» өткізілді. Бірінші шақырылған Арал аудандық Мәслихат-Депутаттар жиналысының 1994 жылғы 26 наурыздағы І сессиясының қаулысымен Арал аудандық Мәслихат-Депутаттар жиналысының хатшысы болып Әбдісәмет Жанбосынов, қоғамдық негізде жұмыс жасайтын тексеру комиссиясының төрағалығына Құдайберген Нұрболатов, сала бойынша 2 тұрақты комиссиясының төрағалығына Лепес Қалиев пен Талас Шүкіров сайланды. Міне, содан бері заң мен тәртіп үстемдік құрып, халық пен билік арасындағы алтын көпірдің мызғымас сабақтастығы жалғасып келеді.

Шарада ең алдымен жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді.

Халық қалаулылары бас қосқан мерекелік кеште аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, қоғамдағы өз рөлін айқындаған мәслихат депутаттарын мерекемен құттықтады.

– Құрметті депутаттар! Алдымен ел мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуымен баршаңызды құттықтаймын! Мәслихат – қоғамның сөзін айтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сенімді саяси институт. Сол институттың ел дамуындағы жүйелі жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан орнықты әрі демократиялы елге айналды. Аудандық мәслихаттың осы 30 жылдағы жұмысы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарды. Мәслихат әрдайым халықтың мүддесін қорғап, заң үстемдігін қамтамасыз етуші саяси институт ретінде әлеуметтік жобалармен белсенді жұмыс істеп келеді. Баршаңызды тағы да мәслихаттың 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, өз уақытысында мәслихат мінберінде болған барша аға-апаларға, іні-қарындастарға бақыт, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді аудан басшысы А.Оңғарбаев.

Салтанатты шарада Арал ауданының әлеуметтік және экономикалық дамуына белсене араласып, өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін облыстық мәслихат төрағасы Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлына Арал аудандық мәслихатының шешімімен «Арал ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Мұрат Жолкелдіұлы облыстық құрылыс және жол саласындағы басқармаларда басшылық қызмет атқарған тұста аудандағы бірнеше білім, мәдениет нысандары мен жол құрылыстарының сапалы жүргізілуіне атсалысып, өзіндік үлесін қосты.

Өз кезегінде туған жерден алып жатқан мұндай құрметтің орны ерекше екенін алға тартқан М.Тілеуімбетов жерлестеріне ризашылығын жеткізді.

Мұнан соң Арал ауданының әлеуметтік және экономикалық дамуына ерекше үлес қосып, елге қызмет істеп жүрген бірнеше азаматтар «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және аудан әкімінің Алғыс хаты, мерекелік Құттықтауымен марапатталды.

Халық қалаулыларының құрметіне өткен салтанатты шара одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Фото: Арал ауданы

Тағы да оқыңыз: