Kyzylorda-news.kz «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Мұрат Әбенов Сырдария ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесуге аумақтық коалиция мүшелері Жұмабек Ембергенов, Алмас Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы қатысты.
Келелі кездесу барысында коалиция мүшелері аудан тұрғындарына жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді кеңінен түсіндірді.
Жалпыұлттық коалициясының мүшесі, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа Конституция жобасындағы саяси жаңғырту нормаларын жан-жақты түсіндіріп, реформаның жүйелік сипатына ерекше тоқталды.
«Жаңа редакция 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Бұл – қазіргі заман талаптарына сай әзірленген құжат. Қоғамда қалыптасқан жаңа ұғымдар мен құндылықтар ескерілген. Әсіресе азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі күшейтілді. Бұл құқықтық қатынастарды әділ әрі нақты реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жобада Жоғарғы Сот Төрағасы Президент тарапынан алты жылға бір рет қана тағайындалады. Бұл норма бір адамның ұзақ уақыт бойы жоғары лауазымда отыруына жол бермей, жеке мүдде мен ықпал ету мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Мұны құқықтық жүйенің ашықтығы мен әділдігін күшейтетін маңызды қадам деп бағалауға болады, – депутат.
Өз кезегінде аумақтық коалиция мүшесі Жұмабек Ембергенов қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді бекемдеу – реформалардың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатының қоғам тұрақтылығы мен әділетті дамудың басты кепілі екенін жеткізді. Ол Конституцияға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатынына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында Конституция жобасының артықшылықтары аудан тұрғындарына жан-жақты әрі ашық диалог форматында түсіндірілді, жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мазмұнды пікір алмасу өтті.
Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі, ардагер Тимур Айсин, аудан тұрғыны ретінде айтарым – заң талаптарының болуы және оның Конституциямен бекітілуі өте дұрыс. Уақыт өткен сайын заңдарға өзгерістер енгізіліп, заман талабына сай жаңарып отыруы қажет. Біз отбасымызбен 15 наурыз күні референдумға барып, өз таңдауымызды жасаймыз», – деп пікір білдірді.
