Kyzylorda-news.kz. Тәуелсіздік күніне орай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағылымы мол тәрбиелік іс-шаралар өтті.
Мерекелік онкүндікте Шаңырақтар арасында өткізілген кураторлық сағаттар көш бастап, жас зияткерлерді азаттықтың тарих қойнауына сапар шеккізді.
Таңғы жиында тұғыры биік Тәуелсіздікке дейінгі еліміздің бастан кешкен зұлмат жылдары мен желтоқсан оқиғасы «Қазақ» қойылымында көрініс тапса, домбыра сабағында оқушылар ел еркіндігін, батырлардың ерлігін, халық бірлігін сипаттайтын атақты «Жұмыр, Қылыш», «Алаш аманаты», «Адай» күйлерінің тарту техникасын үйреніп, ұлттық мәдениетті жаңғыртты.
Сонымен қатар мектептің бір топ оқушылары Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасында болып, «Желтоқсан желі ызғарлы» атты тарихи танымдық кездесуге қатысты. Жас өрендер тарих беттерінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырған Желтоқсан оқиғасын, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің ерлігін қойылым арқылы жеткізді және тәуелсіздік туралы өлеңдерін паш етті.
«Тарихқа көз жүгіртсек, аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты бастан өткерді. Егемендіктің қадірін түсінуіміз қажет. Еліміздің басты құндылықты жадымызда сақтап, тәуелсіздіктің тұғырын берік ұстау — әрқайсымыздың басты парызымыз», — дейді Айнара Жақанова.
Тәуелсіздікке тарту ретінде мектеп қауымдастығы BookCrossing акциясын ұйымдастырып, жинақтаған 200-ге жуық көркем әдебиет пен қызықты энциклопедияны Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының №41 Мұстафа Шоқай атындағы орта мектеп кітапханасына табыстайтын болады.


