Kyzylorda-news.kz  Облыстық балалар ауруханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарын түсіндіруге арналған ақпараттық-насихаттық кездесу өтті.

Маңызды басқосуға «Әділет» партиясы облыстық филиалы жанындағы  ақпараттық топ өкілдері Руслан Рүстемов, Гүлшат Мұсаева, Төлеген Бауыржан, Әбләзім Әбдіғабит және Әлібек Жаппасбаев қатысып, медицина қызметкерлерімен саладағы өзекті мәселелер мен алдағы кезеңге арналған міндеттерді талқылады.

Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау және медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне басымдық берілді.

Ақпараттық топ өкілі Руслан Рүстемов өз сөзінде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жаңғыртудың маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Жолдауда денсаулық сақтау жүйесін жаңа талаптарға сай дамыту міндетін қойды. Бұл ретте медициналық нысандар салумен қатар, көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне мән беру маңызды. Ел бойынша жүзеге асатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жаңа ауруханалар, перинаталдық орталықтар мен оңалту нысандарының бой көтеруі осы бағыттағы жұмыстарға серпін береді. Ең бастысы, әрбір азамат тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік иеленуі керек», – деді Руслан Рүстемов.

Жолдауда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылған. Ел көлемінде жетпіске жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланса, оның ішінде заманауи перинаталдық орталықтар, көпбейінді балалар ауруханалары, жедел медициналық көмек станциялары мен оңалту орталықтары бар.

Ал ақпараттық топ өкілі Гүлшат Мұсаева ана мен бала саулығын қорғау, балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру және медицина мамандарын қолдау мәселелеріне тоқталды.

«Ұлт саулығы ең алдымен ана мен баланың денсаулығынан басталады. Бүгінде елімізде балалар санының артуы медициналық қызметке деген сұранысты да көбейтіп отыр. Сондықтан балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту, ауруларды ерте анықтау, оңалту қызметтерін дамыту – уақыт талабынан туындаған міндеттер. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі сапалы медициналық көмектің артында білікті маманның еңбегі тұр», – деді Гүлшат Мұсаева.

Жолдауда алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту және саланы қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру мәселелері де қамтылды. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтымақ. Сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерінің 110 мың теңгеге дейін көтерілуі кіші медициналық персоналдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар балаларға медициналық-әлеуметтік қолдау көрсету, диагнозды ерте анықтау жүйесін жетілдіру және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелері де талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Қазақстан халқына» қоры да тартылмақ.

Кездесу соңында медицина қызметкерлері салаға қатысты басымдықтармен танысып, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың маңызын талқылады. Басқосуда халық денсаулығын қорғау, медициналық қызмет сапасын арттыру және сала мамандарын қолдау елдің әлеуметтік дамуы мен болашақ ұрпақтың саулығына бағытталған маңызды міндеттер екені атап өтілді.

Тағы да оқыңыз: