Kyzylorda-news.kz Аумақтық коалицияның ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Жанқожа батыр ауылында жалғасты. Кездесуге ауыл тұрғындары мен коалиция мүшелері қатысты. Басқосу барысында коалиция өкілдері ұсынылып отырған жаңа Ата Заң жобасының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, әлеуметтік әділдік қағидаттарын күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын жан-жақты баяндады.
Жиын барысында алдымен жаңа Конституция жобасының әзірлену кезеңдері кеңінен түсіндірілді. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлығынан кейін жаңа Конституция жобасы ресми түрде көпшілікке ұсынылды. Құжатты дайындау үдерісіне алты ай бойы депутаттар, сарапшылар, қоғам және ғылыми қауымдастық өкілдері белсенді түрде атсалысты. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жүйелі жұмыс атқарды.
Азаматтардан түскен ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылданып, нәтижесінде жан-жақты әрі теңгерімді жоба қалыптасты. Бірқатар маңызды бағыттар бойынша түбегейлі өзгерістер енгізілді, – деді аумақтық коалиция жетекшісі Ғазиз Әліш.
Сондай-ақ спикерлер аталған конституциялық өзгерістер азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, елдің тұрақты дамуына және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында алдағы референдумға тұрғындардың белсенді қатысуының маңызына ерекше назар аударылып, бұл қадам әлеуметтік әділдіктің нығаюына, адам құқықтарының тиімді қорғалуына және мемлекеттік жүйенің тұрақтылығына тікелей әсер ететіні айтылды.
Жиын соңында жергілікті тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, конституциялық реформаларға қолдау білдірді.

